23
Қантар

Шала заң шатақ туғызды – 2 /Төлен Тілеубай/ - Жас казак (Алматы)

 
Әкімшілік полиция өкілдері автоорындық туралы талапты бір жылға шегеруге қарсылық білдірді.
Ел ішінде, әсіресе, темір тұлпарды «тақымдаған» қауымды қатты алаңдатып отырған жәй – автоорындық «жыры». Өткенде Мәжілістегі «ақжолдықтар» аты шулы норманы бір жылға шегеруді ұсынғанын «Жас қазақ» көзіқарақты оқырманға жеткізген-ді. Осы аптада автоорындық дауы қайта жалғасты. «Ақ жол» партиясының кеңсесіне жиылған журналистер мен блогерлер, депутаттар мен қоғамдық ұйым өкілдері заңды сынға алды. Ішкі істер министрлігі әкімшілік полиция комитетінің қызметкерлері өз уәжін келтірді. Бір жарым сағатқа созылған басқосудан түйгеніміз – талап кейінге шегерілмейді.
Әуелі «Талап неге тез енгізілді?» деген сауалға құзырлы мекеме дәлел келтірді. Әкімшілік полиция комитетінің басқарма басшысы Қанат Сәдуақасов «Біз орташа алғанда жол-көлік апатынан ай сайын 7-10 баланың көз жұмып, 140-150 баланың майып болатынын есептедік. Мәселенің мәнісі осында. Ал осы норманы 12 айға шегерсек, қаншама жазықсыз баланың обалына қаламыз», – деді. Осы жиында бізді таң қалдырғаны, заңға өткен жылдың 14 сәуірінде қол қойылып, 20 қазанында күшіне енсе де, бүгінге дейін бірде-бір автожүргізушінің жазаланбағаны.
ІІМ әкімшілік практика жөніндегі басқарма бастығы Әлібек Кеңесбаев 2015 жылдың басынан бері аталған бап бойынша бірде-бір әкімшілік іс қозғалмағанын жария етті. Жолдағы тәртіп сақшылары жаңалықты елге түсіндіріп, ескерту берумен шектелген. Бірақ Әлекең 14 қаңтарда өз әріптесі – Астана қалалық ІІД әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Сабыр Жүсіпбековтің арнайы брифингте «12-14 қаңтар күндері автоорындық орнатпаған 20 адамға айыппұл салынды» деген мәліметін естімепті. «Қуырдақтың көкесі түйе сойғанда көресің» дегендей, сөз таластың отына одан әрі май құйған – ІІМ тағы бір өкілі Қайсар Сұлтанбаев. Шенеунік автоорындық көліктің алдыңғы орындығына ғана орнатылатынын айтып, жаңалық ашты. Оның айтуынша, артқы орындыққа таңғыш құрылғы бекіту жеткілікті. Қ.Сұлтанбаев «Кейбіреулер 5-6 баласының барын алға тартады. Баласы көп жүргізушілер минивен сатып алсын! Бұл жерде дүрлігетін дәнеңе де жоқ. Меніңше, әлдебіреулер осы даудың отын әдейі үрлеп отыр» – деді жеке пікірімен бөлісіп.
Жиналғандар жаңа талапты ІІМ қызметкерлерін сын садағымен аямай атқылады. Мысалы, Марат Мүлкібаев деген блогер біздің министрліктің беларусьтар құрлы бейнеролик түсіруге шамасы жетпегеніне күйінді. Ол «Белоруссияда да автоорындық пен баланы таңатын жабдық туралы ереже күшіне енді. Олар не істеді? Әуелі автоорындық пен таңғыш жабдықты қалай қолдану керектігін халыққа түсіндіретін бейнеролик шығарды. Сол ғаламторда бар. Ендеше, неге біздің ІІМ сондай іс-әрекет жасамайды?» – деген сауал тастады.
«Қазақстанның татарлары мен башқұрттары қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің атқарушы директоры Ринат Абдулхалықов Астанадағы автоорындық сататын барлық дүкендерді аралап, олардың ешбіреуінің шынайы сертификаты жоқ екеніне көз жеткізген. Сертификат түгілі, біздің елімізде мұндай тауарларға қойылатын техникалық талап атымен жоқ көрінеді.
ІІМ өкілдеріне сауал қарша борады. Алмас Тұртаев «Бұған уақыт керек. Норманы халыққа түсіндіру жұмыстары біткенде не істейміз? Ауылдық жерлердегі тұрғындар автоорындықты қайдан алады? Жол полициясы қызметкерінің азаматтардың құқықтарына нұқсан келтіретіні рас. Ендеше, бұл мәселені үкімет жеті рет өлшеп, бір рет кесіп, шешкені абзал» –деді.
Түптеп келгенде, дау-дамайға қатысқан қос тарап бір-бірін иландыра алмады. Ұтқыр ұсынысының дұрыстығына көз жеткізген «ақжолдық» депутаттар артқы орындықтағы таңғыш құрылғы бала өмірін құтқармайды деген байлам жасады. Олардың ойынша, ІІМ автоорындық пен таңғышқа қойылатын техникалық талапты әзірлеуі керек. Ал ІІМ-нің өкілдері аты шулы талаптан «қашып құтыла алмаймыз» деген ұстанымынан қайтпады. Тығырықтан шығатын жол біреу сияқты. Ол – балаларды автобусқа отырғызу. Өйткені, онда таңғыш құрылғы түгілі, баланың орны қанша екенін ешкім тексермейді. Жиынның соңынан құқық қорғау мекемесіне. «Автоорындығы жоқ жүргізушілерді қашанға дейін жазаламайсыздар?» деген жалғыз сұрақ қойылды. ІІМ әкімшілік практика жөніндегі басқарма бастығы Әлібек Кеңесбаев «Егер жүргізушілер жол ережесінің басқа бабын бұзбаса, онда автоорындығының бар-жоғын тексермейміз», – деді. Шығар есікте әлгі сауалды Қанат ағаға тағы қойдым. «Шамамен 1,5 айдай түсіндіреміз. Арғы жағын өзіңіз білесіз» – деп ол құлағыма сыбырлады.
 
Дерекнама - Жас казак (Алматы), № 2 (522), 23.01.2015