17
Ақпан

Несие нарығында теңгеге кім тосқауыл қойып отыр? - Казак унi (Алматы)

 
Соңғы кезде кәсіпкерлер мен қатардағы қарапайым халық екінші деңгейдегі банктер теңгемен несие беруді шектеп, ұлттық валютамызға тосқауыл қойып жатқаны жайында жиі дабыл қаға бастады. Осыған орай, «Ақ жол» партиясы несиенің теңгемен берілмеуіне алаңдаушылық білдіріп, Қазақстан Ұлттық банк басшыларынан тиісті шара қолдануды сұрады. Бұл туралы Мәжілістің пленарлық отырысында депутат Светлана Қадырәлиева мәлімдеді.«Ақжол» ҚДП фракциясының Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетовтің атына жолдаған депутаттық сауалының толық мәтінін жариялап отырмыз.
Қазақстан Республикасының Ұлттық банк төрағасы Қ.Н.Келімбетовке Депутаттық сауал
Құрметті Қайрат Нематұлы!
«Ақжол» партиясына екінші деңгейдегі банктерде несиелерді теңгемен беру іс жүзінде тоқтатылғаны жөнінде кәсіпкерлерден көптеген өтініштер толассыз түсуде. Олардың арызына құлақ түретін болсақ барлық несиелер доллар немесе өзге шетелдік валюталар бағамына байланбалы түрде беріліп жатқаны айтылады. Ал, жекелеген жағдайларда несиелер теңгемен берілгенде, пайыздық мөлшерлеменің жоғарылығы соншалықты, кез келген кәсіпкерлік қызметтің пайдасын айтпаған күннің өзінде мағынасынан да мүлдем айырады.
Мүмкін, бүл шектеулер инфляцияға қарсы әрекет жасау мақсатында енгізілген болар. Мұнда белгілі бір логика бар: егер ақша айналымын мүлдем алып тастаса, онда инфляция да болмайды. Бірақ, мұндай жағдайда бизнестің жаңа жобалары туралы да және тұтастай алғанда экономикалық дамуды да ұмыту керек.
2014жылдың 15желтоқсанында еліміздің Президенті Н.Ә.Назарбаев тек инфляцияға қарсы әрекеттерге ғана емес (инфляциялық таргеттілікке өту арқылы), сонымен бірге, экономиканы долларсыздандыру міндетін қойған болатын. Бұл Қазақстан аумағында ресми ішкі есептерде және қаржылық жоспарлауда АҚШ долларын не өзге шетелдік валютаны пайдаланудан бас тартуды білдіреді. Алайда, кәсіпкерлік сектор мен банктік несиелеу нарығындағы ағымдағы ахуал тура қарама-қайшы тенденцияны көрсетіп отыр. Ұлттық валютамызды ығыстыру және шетелдік валютаға бұрынғыдан да берік байлану байқалады. Сонысымен банктер кезекті рет валюталық тәуекелділікті тағы да кәсіпкерлер мен халықтың мойнына аударып жатқаны анық.
Осыған байланысты, құрметті Қайрат Нематұлы, Сізден келесі сұрақтарға жауап беруіңізді өтінеміз:
1. Несиелік нарықтағы ұлттық валютаның (теңге) күрт жетпей қалуы туралы Ұлттық банк біле ме?
2. Теңгелік несиелер беруден бас тартып, не оны шетелдік валютаның бағамына байлап, екінші деңгейдегі банктер бұл саладағы заңды реттеудің пруденциялық нормаларын бұзбай ма?
Егер де осылай болса, заң бұзушы банктерге, мәселен, несиелік операцияларға берілген лицензияларды қайтарып алу бойынша Ұлттық банк қандай да бір шаралар қолдана ма?
Құрметпен «Ақ жол» ҚДП фракциясының депутаттары

Дерекнама -  Казак унi (Алматы), № 6 (665), 10.02.2015