06
Наурыз

Cұхбаттар 06.03.2015

Екпе лаңы елді дүрліктірді - Казакстан-Zaman (Алматы)

 
'Ақжол' партиясының депутаты Меруерт Қазбекова Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Үкімет басшысына қызылшаға қарсы екпеден зиян шегіп жатқандар туралы сауал жолдады. Депутаттың келтірген мәліметтеріне сүйенсек, жаға ұстатар оқиғалар орын алып жатқаны байқалады. Қазақстанда қызылшаға қарсы қосымша иммундау үшін Үндістанда шығарылған 1 млн. вакцина дозасы сатып алынған. 2015 жылдың 19 ақпанына дейін 500 мыңға жуық жасөспірімге екпе жасалған.
Осы екпелердің нәтижесі кімді болсын бей-жай қалдырмасы анық. Мысалы, 11 ақпан күні қызылшаға қарсы екпеден кейін Теміртау қаласындағы медициналық колледждің 178 студентінің 18-і ауруханаға түскен.
Енді республикаға таралатын БАҚ-тың мәліметтеріне сенсек, Маңғыстау облысында екпеден кейін ауруханаға 60-қа тарта жасөспірім ауыр жағдайда жеткізілген. Ең ауыры — оның жетеуі жан сақтау бөлімінде жатқаны.
Сондай-ақ, Атырау және Бейнеу ауылдарында қызылшаға қарсы екпеден кейін ауруханаға жатқызылған алты оқиға тіркеліпті. Оны азсынсаңыз, Жаңаөзен қаласының ауруханасына екпеден кейін түрлі шағымдармен 35 адам өздерін жайсыз сезініп келген.
Әрине, осындай жағдайлар орын алғаннан кейін екпе жұмыстары қайтіп қарқынды жүрсін?! Ұлттық экономика министрлігінің хабарлауынша, иммундау 2015 жылдың 2 наурызына дейін тоқтатылған. Осы аралықта тексеру және вакцинаға сараптама жүргізуді аяқтау жоспарланған. Ол межелі күн өтіп барады. Ендігі жағдай қандай болмақ?
Біз сөз етіп отырған депутаттық сауалдың түп-төркіні мынадай: «Ақ жол» партиясы алдын алу екпелерін жасарда халықты міндетті түрде хабардар етуді және есепке ала отырып өткізуге бақылауды күшейту бойынша шаралар қабылдауды талап етеді.
Депутаттық сауал негізінде Меруерт Қазбековаға бірнеше сұрақ қоюға тура келді.
— Екпе мәселесі жылда елді дүрліктіреді. Неге? Бүл көптің көкейіндегі ой деп біліңіз.
— «Ақ жол» депутаттық фракциясы бірнеше жыл бойы Үкіметті мазалап, вакцинация жүйесінде тәртіп орнату туралы екі рет депутаттық сауал жолдап, мәселе көтерді. Соның бірі папиллома вирусынан туындайтын вакцинацияның кері зардаптары туралы. Онда ата-аналарды шошындырмай, жағымсыз оқиғаларды  туындатпай, екпе кезінде кездесетін жанама әсерлердің ықтималдығын арттырмай, міндетті түрде көпшілікке жазбаша хабарлау ескертілген. Сондай-ақ, вакцинацияны тек ерікті режимде жасау ұсынылған.
— Сауалдарыңызға қандай жауап берілді?
— Денсаулық сақтау министрлігі өзінің жауабында халық ішінде ауқымды түсіндірме жұмыстарын жүргізуге уәде еткен болатын. Ал екпе жұмысы ерікті негізде ата-аналардың жазбаша келісімімен жасалады деп мәлімдеген. Өкінішке орай, бізге жеткен мәліметке қарағанда, тұрғындар қызылшаға қарсы вакцинаны егу үшін жағымсыз әрекеттің болатыны жайлы хабардар етілмеген болып шықты.
— Депутаттық сауалыңызда Үкімет басшысынан нені талап еттіңіз?
— Үкіметтен біздің сұрап отырғанымыз — уәкілетті мемлекеттік орган ата-аналарға вакцинацияның жағымсыз салдарының болуы мүмкіндігін жасырмасын. Керек десеңіз, олардың қолын қойдырып алсын. Сондай-ақ, ата-ана қауіп-қатерлерді ескере отырып, өз баласының вакцинациясы туралы шешімді саналы түрде таңдау еркіндігімен қамтамасыз етілуге міндетті.
— Екпеден кейін ауруханаға түскендер санының артуына байланысты, қызылшаға қарсы қосымша иммундау
үшін Үндістанда шығарылған вакцина жарамсыз деуге толық негіз бар ма?
— Олай деп айтуға әлі ерте. Оған нақты бағаны арнайы мамандар мен сарапшылар береді. Бізге жеткен соңғы
хабарда Шығыс Қазақстан облысының денсаулық сақтау басқармасы аталған үнділік вакцинаны сапасыз деп танығаны белгілі болды. Қалғанын  уақыт  көрсете жатар. ...Тап осы (25 ақпан) күні Мәжілістің пленарлық отырысында депутат Надежда Петухова да премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың атына елді әбігерге түсірген екпе жайында депутаттық сауал жолдап, вакцинаның сапасы мен оны сақтау орындарына қатысты ақпарат беруді сұрады. Сонымен қатар қызылша ауруына қатысты қосымша вакцинация салдарынан туындаған қиындықтар алаңдатып отырғаның соңғы 3 жылда Қазақстанда қызылша ауруына шалдыққандардың қатары көбейгенін тілге тиек етті. Оның айтуынша, 2014 жылы аталмыш дертке шалдығу көрсеткіші 4,4 есеге артып, 321 факті тіркелген екен. 'Жағдайды тұрақтандыру үшін 2015 жылы қосымша иммундау жұмыстары қолға алынғанымен, нәтиже нөлге тең', — деп, Надежда Михаилқызы ренішін жасырмады.
 
Источник - Казакстан-Zaman (Алматы), № 9 (1033), 05.03.2015