Депутат өз округіндегі жағдаймен етене танысты

» Аймақ - жаңалықтары » Солтүстік-Қазақстан облысы » Депутат өз округіндегі жағдаймен етене танысты

20.10.2016, 11:48

 «Ақжол» ҚДП баспасөз қызметі, 2016 жылдың 20 қазаны


 
«Ақ жол» партиясынан сайланған Көкшетау қалалық мәслихатының депутаты Ғалымжан Копишев өзінің округіне қарасты тұрғын үй кешенінің тыныс-тіршілігімен жан-жақты танысты. Алдымен «Достық» пәтер иелері кооперативінің қарауындағы Мирзоян көшесі бойындағы 58 үйдің ауласына жүргізіліп жатқан ағымдағы жөндеу жұмысына қанықты. Мердігер ұйымның жұмысшыларымен кездесіп, жөндеуді сапалы жүргізу керектігіне басты назар аударды. Себебі, біз жөндеушілердің саз балшықтың үстіне қиыршық тас төсеп жатқанының үстінен түстік. Бюджет қаржысын бұлай сапасыз жөндеуге жұмсау мердігер кәсіпорынның өзін де, өзгені де алдауы болып шығады.
Ал, аталған кооперативке  қарасты тұрғын үйлерге жаңғырту жобасын жүзеге асырып жатқан «Крофас» серіктестігіне де елдің өкпесі қара қазандай. Осының алдында тұрғындар ғаламтор арқылы олардың бей-берекет жұмыстарын сынға алған еді.
Біз сол сыннан еш нәтиже шықпағанын көрдік. Кәсіпорын прорабы Уәлихан Әмірғожин үй ауласына шашылған көң-қоқысты дереу жинастыратынын айтып, уәде берді. Сонда мұндай жөндеуші компанияларға жергілікті билік ұдайы қадағалау жасауы керек пе?! Қарапайым адамдардың орынды уәжіне құлақ аспаған мұндай кәсіпорындарды шынымен жауапкершілікке тарту керек шығар.
«Маусым – 94» пәтер иелері кооперативінің төрағасы Балтабай Мұратов Гагарин көшесі 68 үйдің жанында спорт және балалар ойнайтын арнайы орын жасауға арнайы қаржы бөлген қалалық әкімдікке өзінің ризашылығын білдірді. Бірақ, дәл іргедегі «Триумф» сауда үйін кезінде балалар ойнайтын жерге заңсыз салынғанына тұрғындардың наразы екендіктерін айтып қалды. Қолы ұзындар осылай ойына келгенін істей берсе, не болады деп қынжылады ол.
Депутат Ғалымжан Копишев ылғи зейнеткерлер тұратын облыстық әкімдіктің қарсысындағы Абай көшесі 110 үйдің тұрғындарымен де кездесті. Көп жыл Чистополь ауданында шаруашылық басшысы болған зейнеткер Серікбай Мұқышев соңғы жылдары өз үйлеріне жаңғырту жобасы бойынша жөндеу жүргізуін сұрап, ашпаған есігі қалмағанын айтты.
Тұрғын Елена Белякова да ұзақ жыл әкімшілік мекемелердің қақ ортасында қалған жалғыз тұрғын үйдің «жетімдіктің» зарын тартқанын ашына жеткізді. Тіпті, осы күнге дейін пәтер иелері кооперативі де болмапты. Жақында ғана қаланың екінші бір қиырындағы кооперативке апарып қосқан екен. Бірақ, бұдан мәселенің шешілгенін тұрғындар көріп отырған жоқ.
Бұл үй сонау алпысыншы жылдары салынған екен. Жетпісінші жылдардың басында бір рет жөндеу жүргізіліпті. Содан бері қырық жыл өтсе де,  бұл мақсатта шыбық басы сынбаған болып шықты. Бұған кім кінәлі?
Өз үйлерін бір иелікке ала алмаған зейнеткер тұрғындар ма, әлде осы күнге дейін бұған еш назар салмаған жергілікті коммуналдық шаруашылық мекемесі ме?!
Ашынған тұрғындар төбеден су ағып, жертөлесі суға толғанын айтып, әкімге жеткізіңдер деген талаптарын да айтты. Бірақ, бұл әкімнің емес, тиісті коммуналдық қызметтің міндетіне кіреді ғой. Сондықтан халық қалаулысы тұрғындардың өкпе-назына орай арнайы зерт жұмысы жүргізіліп,  мәселені қолынан келгенше оңынан шешуге тырысатынын жеткізді.
Бір жағынан бұл депутаттың жеке құзырындағы мәселе емес. Жергілікті атқарушы биліктің тиісті мекемелері де мұндай мәселеге көз жұма қарауына болмайды. Осының бәрі осы салаға жауап беретін мекемелердің өз істеріне немқұрайлы қарауынан туындаған жайттар.
Біз қалалық әкімдіктің тұрғындардың тұрмыстық мәселесін шешуге қатысты көп жұмыс жасап жатқанын жоққа шығармаймыз.  Ешқашан жөндеу көрмеген көшелер де жөнделіп, арнайы спорт алаңдары мен балалар ойнайтын орындардың көптеп салынып жатқанын ауыз толтырып айтуға болады.
Бірақ, өкілетті билікпен бірге, саяси партиялардың жергілікті бөлімшелері де бұған атсалысып жатқаны жақсылықтың нышаны. Ғалымжан Копишев ақжолдық депутат болғасын ғана емес, өз сайлаушыларына деген адалдық қашанда биік тұруы тиіс деген мақсат жатыр оның астарында. Сондықтан алдағы уақытта да қарапайым тұрғындардың жай-күйі ұдайы назарда ұсталатын болады.