01
Ақпан

Берік Дүйсембинов, Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» партиясы, үштілдікке байланысты: «Өзге тілдің бәрін біл,Өз тілінді құрметте!»

 
2017 жылдың 1 ақпаны, 'Ақ жол' ҚДП-ның баспасөз қызметі
Кеше, Орталық байланыс қызметінде Елбасының жана Жолдауын талқылағанда, үш тілдік туралы 'Ақ жолдың' депутаты Берік Сәлімжанұлы Дүйсенбинов былай деді.
Елбасымыздың осы жолдауындағы қазақ тілінің мемлекеттік рөлі мен мызғымас орыны туралы айтқан сөзін толық қолдаймыз.
 
Ана тілің арың бұл -

Ұятың болып тұр бетте!

Өзге тілдің бәрін біл,

Өз тіліңді құрметте! – деген ақын Қадыр Мырза Әлі.
Сол секілді, үш тілдіктен бұрын біз мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру туралы ойды қолдап, болашақта қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту керек.
Халық қалаулысының пікірінше, мемлекеттік тіліміздің мәселесі қашанда болсын өзекті бола бермек, оның тағдыры мен болашағы – Отанымыздың әрбір азаматының қолында. Қазақ тілі – тұғырлы тіл болып, халық арасында өзінің айрықша бағасын алуы керек. Тіл – ұлттың жаны, жүрегі болғандықтан, тіліміз тұғырлы, ғұмырлы болуы керек емес пе? Сондықтан  әрбір Қазақстан азаматының бір-бірімен қазақ тілінде сөйлеп, ана тіліміздің мәртебесін өркендетуі керек. Бұл – азаматтың ел алдындағы борышы, міндеті! – деді.
  Ал, үш тілде білім беру жүйесіне келсек, Қазақстанның әрбір болашақ жас өскіні – болашақта әлеуетті, прогресті, жан-жақты дамыған интеллектуал, эрудит болып, кез келген елдің азаматымен білім-ғылым, заманауи прогресс жолында бәсекеге қабілетті болып, тартысқа түсуі  үшін үш тілді білім беру жүйесінен тәлім алуының маңызы өте зор.
Жолдауында Президентіміз көрсеткендей, казіргі кезде әлемдік ғылыми ақпараттың 90 пайыздан астамы ағылшын тілінде қолдануда. Елімізді өркениет жолына шығарамыз десек, осы көштен кейін қалмауымыз қажет. Оны түсінбейтін қазақ жоқ. 
Бірақ Елбасымыз көрсеткендей,  бұл кезең-кезеңмен, салмақтап жүзеге асатын дүние.
Қазақ айтады: «Сабыр түбі – сары алтын» деп, бұл жүйеге тек сабырмен, төзіммен қарап, болашақтың жарқын сәтінен үміт күтейік.  Сол уақытта жаңа технологиялардың тетігін ұстайтын қазақ балалары үш тілді білім беру жүйесінен білім алғандықтан, өз ойларын бүкіл әлемге емін-еркін айтары анық», -деді Берік Сәлімжанұлы.