15
Мамыр

Әскер сапына министрдің баласы бар ма? - 'Қазақстан-ZAMAN' газеті

'Қазақстан-ZAMAN' газеті, 15.05.2014ж.

Парламент мәжілісінде Қабиболла Жақыповтың төрағалығымен өткен жалпы отырыста депутат Алмас Тұртаев ҚР Премьер-министрі К.Мәсімовке депутаттық сауал жолдады. Сауал қарапайым отбасынан шыққан сарбаздардың келешегіне алаңдауымен құнды. Олардың еңбегінің еленуін бағалауға шақыруымен де салмағы басым.
«Бүгінгі күні Қазақстан Республикасының қарулы күштерінің 40 пайызы ғана мерзімді әскери қызметшілер есебінен құралады. Мерзімді қызмет әскері негізінен қарапайым азаматтардың балалары екендігі құпия емес. Әскери өмір тәуекелді және қауіпті. Борышын өтеуге кетіп, табытпен оралып жатқандары қаншама…
Мысалы, Арқанкергенде орын алған қайғылы жағдайда қаза тапқан жауынгерлердің аты-жөндері кімнің есінде қалды?! Отан алдындағы әскери борышын өтеу мақтаныш, жоғарғы абыройлы өлшем болуы тиіс. Өкінішке орай, қазір жастар арасында кейде әскери міндетін өтеушілерге әлеуметтік кемітушілік нышандары да байқалып, мүсіркей қарайтындар да табылып жатыр», — деген депутат ойын әріден сабақтап, мерзімді қызмет уақытын бос өткізбеу үшін әскери борышты табысты өткізу символдарымен, яғни ведомстволық медальдармен және үздік белгілерімен сарбаздарды марапаттап, сүйемелдеу қажеттігіне тоқталды. Әскердің және әскери қызметтің жағымды мәртебесін насихаттау мақсатында, мерзімді қызметті өтейтіндердің әскерден кеудесіне медаль мен марапат белгілер тағып қайтуы, өскелең ұрпақтың алдында әскери қызметтің беделін арттырумен қатар, өз Отанына қызметтік борышын атқарған азаматтың өзін-өзі бағалауын күшейтуіне зор ықпал жасайтынын қадап айтты.
Иә, ел алдындағы жауынгерлік парызын адал өткерген азаматтарымыз қай кезде де алғысқа лайық. Оларға құрмет көрсету арқылы жастардың рухын көтереміз. Осындай ойларға ат шалдырған депутат: «Елімізде ведомстволық наградалар тізіміне сәйкес, мерзімді әскери қызметтегі сарбаздарға тек төсбелгілер ғана беріледі. («Шекара қызметінің үздігі», «Қазақстан қарулы күштерінің үздігі», «Ішкі әскерлер қызметінің үздігі», «Үздік құтқарушы-жауынгер», «Спортшы-жауынгер»). Бұл белгілерге тек санаулылар ғана қол жеткізе алады. Ал медальдарға келсек, 10 жылдан 20 жылға дейін мінсіз қызмет атқарғаны үшін берілетін «Мінсіз қызметі үшін» медаліне мерзімді қызмет сарбазының қолы мүлде жетпейді.
Қазіргі нарықтық экономика кезеңінде мерзімді әскери қызметте болудың өзі де ерлік. Сондықтан біз сарбаздарымызды төсбелгілерімен ғана емес, медальдармен марапаттаған жөн деп есептейміз», — деп көкейкесті мәселеге ат шалдырды халық қалаулысы.
Сөзінің соңында: «Егер халықаралық тәжірибеге жүгінсек, Ресей Федерациясында мерзімді қызмет солдаттарын марапаттау жүйесінде 40-тан астам ведомстволық медальдар мен белгілер қарастырылған болса, АҚШ қарулы күштерінде мемлекеттік наградалармен қатар, мерзімді қызмет солдаттары әскери және әскери емес жетістіктері үшін АҚШ қорғаныс министрлігінің бірқатар ведомстволық медальдарымен марапатталады», — деп қосып қойды.
Сонымен қатар, бұл елдерде мерзімді қызметін өтеген солдаттарға жоғары білім алуға білім деңгейіне қарамастан мемлекеттік гранттар қарастырылатыны да есте жүргені абзал.