11
Қантар

Депутаттар кәсіпкерлермен кездесті

«Ақ жол» ҚДП Ақмола облыстық баспасөз қызметі, 2018 ж. 11 қаңтар
Арқаның төсін қалың қар көмкеріп,  боранын боратып, халықты әлекке салған күні ақжолдық депутаттар  жылы  орындарын суытып,  Көкшетауға сапарға шықты. Жергілікті кәсіпкерлермен пікір алмасу кездесуі межеленген уақытында өтті. «Атамекен»  кәсіпкерлер палатасында екі жақты пікір алмасу жанды негізде өрбіді. Астанадан келген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Меруерт Қазбекова,  Берік Дүйсенбинов және Кеңес Абсатиров кәсіпкерлерді көбірек тыңдауға тырысты. Оның да өзіндік себебі бар,  халық қалаулылары жаңадан қабылданатын заң жобаларын қарау кезінде бизнес өкілдерінің құқығын қорғау үшін оларды толғандырған мәселелерге де қанық болуды басты орынға қойды. Қайрат Сұлтанов бастаған кәсіпкерлер палатасы мүшелері  экология,  монополияға қарсы және басқа да заңнама жобаларына өзгеріс енгізуді уақыт талап етіп отырғанын айтты.   «Көкшетау сүт зауыты»  жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры,  облыстық мәслихаттың депутаты Әсен Жақсылықов отандық өндірушілердің мүддесін қорғайтын заңнамалардың орындалуын қамтамасыз ету тетіктерін тілге тиек етті. Парламент депутаттары осы жиын барысында көп жайға қанықты. Алдағы уақытта кәсіпкерлердің барлық ұсыныс-тілектері жерде қалмай,  заң жобаларын қарау кезінде назарға алынатын болады.