20
Маусым

Санат жоқ 20.06.2014

Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық партиясының Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша филиалы «Еуразиялық экономикалық одақ және Қазақстанның болашағы» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді

20 маусым 2014 жыл, «Ақ жол» партиясының Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының баспасөз қызметі.
Оған облыстық және қалалық мәслихаттардың депутаттары, ҚР ЭҚжСЖҚКА ОҚО бойынша Департаменті, ҚР ҰҚК шекара қызметінің «Оңтүстік» өңірлік басқармасы, ОҚО Кедендік бақылау департаменті, ОҚО салық Департаментінің басшылары,  «Ақ жол» ҚДП Орталық Кеңес және облыстық Кеңес мүшелері, саяси партиялар, шағын және орта кәсіпкерлер, үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық бірлестіктер, зиялы қауым және БАҚ өкілдері қатысты.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша «Ақ жол» ҚДП ОҚОФ төрағасының орынбасары Қ.Ибраев баяндама жасады:
«Барлығымызға белгілі үстіміздегі жылдың 29-мамыр күні жаҺанда Еуропа одағынан кейінгі ең үлкен интеграциялық бірлестіктің бірі – Еуразиялық экономикалық одақ туралы келісім жасалды. Салтанатты шара Қазақстанның бас қаласы – Астанада өтті. Еуразиялық экономикалық одақ туралы келісімшартқа Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Белорусь Президенті Александр Лукашенко және Ресей  Президенті Владимир Путин қол қойды. 2015 жылдың 1-қаңтарынан бастап үш ел Қазақстан-Белоруссия-Ресей жаңа одақтың мүшелері болмақ.
Бұл одақтың мақсаты – еркін саудаға мүмкіндік беру.
Бұл ұйым – Қазақстан, Белоруссия, Ресей елдерінің теңқұқылы достық одағы. Осы үш елдің егемендіктерін сақтай отырып, интеграцияның жаңа деңгейіне шығаратын одақ. «Бір ел – бір дауыс» қағидасын ұстанған бұл құжат бойынша, бір елдің екінші елге тізе батыруына жол берілмейді, бір мемлекет келіспесе, шешімдер қабылданбайды. Бұл – ұлттық мүдденің сақталуына басты кепілдік.
Сонымен қатар Еуразиялық экономикалық одақ кәсіпкерлер үшін тиімді болмақ. Себебі одақтың құрылуы мемлекетіміздің  экономикалық дамуына, инвестиция тарту мәселелеріне оң ықпал етеді деп күтілуде. Бұл шарттың мемлекеттер арасындағы кәсіпкерлердің байланысына, тауар айналымдарына үлкен ықпалы болады».
Баяндамадан соң дөңгелек үстел тақырыбындағы мәселе бойынша қарама-қайшы қызу пікірлер айтылды.
Еуразиялық экономикалық одаққа кіруді қолдайтындар - шағын және орта бизнес өкілдері, саяси партия өкілдері, мемлекеттік органдар мен құқық қорғау органдары қызметкерлерінің пікірлеріне қарсы одаққа кіру қаупі барын айтқандар «Ақиқат» ҚБ, «ОҚО кіші, орта және ірі бизнес кәсіпкерлерінің кәсіптік Одағы» ҚБ өкілдері болды.
Қызу пікірталастан соң дөңгелек үстелді басқарушы «Ақ жол» ҚДП ОҚОФ төрағасы А.Орман: «Тарих қойнауына үңілсек әр уақытта да ел сауда-саттықпен дамыған. Қазақ - дана халық, сол дана халықтың «Үй сатып алма, көрші сатып ал» деген ұлы сөзі бар, мұның өзі көп нәрсені меңзейді. Қазақстанның басты мақсаты – ел егемендігін сақтау, жерін сақтау. Бұл мақсат әрқашан да, қандай жағдайда болмасын – басты мақсат. Еуразиялық экономикалық одаққа кіру – егемендіктен, жерімізден айырылу емес. Одаққа мүше елдердің біреуі келіспесе онда ешқандай келісімшартқа қол қойылмайды.Әрбір атқарылатын іс-шара тек үш елдің келісімі, консенсус болған жағдайда ғана іске асырылады.
Әрине кемшіліксіз болмайды, жұмыс істеу керек, көш жүре түзеледі. Еуразиялық экономикалық одақ – бұл бір елдің шекарасына баса-көктеп кіру емес,  бір-бірінде еркін сауда жасау деп түсініңіздер. Елімізді дамытудың бірден бір тиімді жолдарының бірі -жедел индустрияландыру. Өткізу нарығының ауқымын кеңейтпей индустрияландыруды іске асыру мүмкін емес. Елдің болашағы тұрғысынан Ресеймен жақын ынтымақтаса отырып, оның экономикасымен бәсекелесіп, ысылып барып дүниежүзілік бәсекелестікке дайын, қуатты Қазақ мемлекетін қалыптастыру мүмкіндігі зор» деп қорытындылады.