01
Шілде

Еңбек ескерілуімен құнды - www.egemen.kz

www.egemen.kz (Казахстан), 28.06.2014
 
Мәжілістің пленарлық отырысы барысында палата депутаты Светлана Қадыралиева Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің атына депутаттық сауал жолдаған болатын. Онда былай делінеді:
«Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласында нақты өнімді еңбекті әлеуметтік жаңғырту саясатының негізі ретінде қоюды тапсырды. Осыған байланысты адам еңбегін ынталандырудың рөлі мен маңызы артады.
Тұрғындардың ең аз қорғалатын санаты – зейнеткерлер екені белгілі, олардың ішінде көбі 40, 50 және одан да көп жылдар халық шаруашылығында жұмыс істегендер. Осындай еңбек ардагерлерінің алдында біздің барлығымыз ешуақытта өтелмес қарыздармыз, олар қазіргі Қазақстанның әлеуетін құру үшін аз жұмыс атқарған жоқ және біз көптеген жылдарғы еңбектерінің жемісін қазір пайдаланып отырмыз. Бүгін біз Астананың әрбір жарқыраған зәулім ғимараттарында, Қазақстанның қазіргі жетістіктерінің әрқайсысындағы секілді біздің ардагерлеріміз қалаған кірпіш бар деп айтуға толық құқымыз бар.
Бірақ, өте өкініштісі, осы адамдар өздерінің еңбегінің үлесіне қарай бара-бар зейнетақы және материалдық сыйақыны әрдайым алып отырған жоқ.
Мәжілістің депутаттарымен бастамашылық жасалған, аға буын өкілдерінің көптеген мәселелерін шешуге болатын Қазақстан Республикасының «Ардагерлер туралы» заң жобасы осы уақытқа дейін қабылданған жоқ. Бұл заң жобасы бюджет үшін шығынды, біздің пайымдауымызша, дәл сол себепті де өкілетті мемлекеттік органдар тарапынан қолдау таппай отыр.
Алайда, жалғасып жатқан әлемдік дағдарыс кезеңінде бюджеттің шектеулі мүмкіндіктерін ескергеннің өзінде, аға буын өкілдеріне олардың кейде, тіпті, ауыр жағдайларда жүріп өткен өмір жолдарына қарапайым құрмет көрсетуден бас тартуға құқымыз жоқ.
Сайлаушылармен кездесулерде зейнеткерлерден материалдық проблемаларды шешуді ғана емес, еліміздің алдында олардың сіңірген еңбегін мемлекетпен тану туралы өтініштерін де жиі естиміз. Өйткені, қазақстандықтардың көпшілігі – атақты министрлер немесе зауыт директорлары емес, елене бермейтін қарапайым еңбекшілер, бірақ бұдан олардың еңбегінің қоғам үшін маңызы немесе құны түсіп қалмаса керек.
Немерелерімен араласқанда, бөтен адамдармен кездескенде, тіпті, кездейсоқ әңгімелескен адам­ның өзі олардың ерен еңбектері туралы, өмірінің бос сенделіспен өтпегенін, ал адамдар үшін керек істерге толы екенін білетініне олар сенімді болуы тиіс.
Бұрындары еңбекшілер ұзақ жылғы адал еңбегі үшін «Еңбек ардагері» медалімен марапатталатын. Онда 40 жылдан астам еңбек өтілі бар қызметкерлерге «Еңбек ардагері» медалі және атағы берілетін. Бұл көтермелеу бірқатар ТМД елдерінде, Ресейді қоса алғанда, бұрынғысынша қолданылады, бірақ біздің елімізде 1995 жылдан бастап «Еңбек ардагері» медалі берілмейтін болды.
Алайда, өмірдің өзі, әсіресе, Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына әлеуметтік жаңғырту бағдарла­масының, үдемелі индустрияландыру және т.б. бағдарламалардың аясында осы награданың қажеттілігін дәлелдеп отыр. «Еңбек ардагері» мемлекеттік медалін алып тастағаннан кейін, көптеген кәсіпорындар еңбегі сіңген қызметкерлеріне өздерінің жеке ведомстволық наградаларын тағайындауға мәжбүр болғаны мәселенің өзектілігін көрсетеді. Бұл дұрыс та, себебі, марапатталушының ерен еңбегін танудан басқа, мұндай награда жас буын үшін оны белсенді еңбекке бағыттай отырып, маңызды тәрбиелік рөл де атқарады.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстанда Еңбек күні сияқты мереке де тағайындалды.
Жоғарыда баяндалғандарға байланысты, «Ақ жол» партиясының депутаттық фракциясы атынан Үкіметке қайырылғанды жөн көріп отырмын. Экономиканың мемлекеттік, жеке немесе қоғамдық секторларында және әлеуметтік салаларында 40 және одан да көп жылдар адал қызмет істеген азаматтар үшін «Қазақстан Республикасының Еңбек ардагері» атағы тағайындалып; төске таға­тын белгіні (медаль) тапсыру туралы мәселе қарастырылса құба-құп болар еді. Бұл қадамның қоғамда еліміздің қатардағы еңбекшілеріне, қарапайым жұмысшы мамандығын атқаратын адам­дарға құрмет көрсету орайында маңызды рөл атқаратынына сенімдіміз».