26
Маусым

Санат жоқ 26.06.2013

«Ақ жол» Сарайшықты қорғап қалуға қол жеткізді

26 маусым, 2013 жыл. «Ақ жол» ҚДП баспасөз қызметі
Биылғы жылдың 15 мамырында «Ақ жол» Парламенттік фракциясының атынан Партия төрағасы Азат Перуашев Атырау облысы, Сарайшық қаласын су шаюдан қорғау мақсатында Жайық өзенінде бекініс салу жөнінде Қазақстан Республикасының Үкіметіне депутаттық сауал жолдап, көне тарихтан - Қазақ хандығының алғашқы астанасынан қалған асыл мұраны құтқарып, сақтап қалу үшін барынша күш салуға шақырған болатын. 
ҚР Премьер-Министрі С.Ахметов сан ғасырлар мемлекеттің символы болып келе жатқан тарихи маңызы бар Сарайшық қаласының орны мен оның жәдігерлерін келешек ұрпаққа жеткізу баршамыздың парызымыз екенін атап көрсете отырып, «Ақ жол» фракциясы депутаттарына нақты жауап берген: «Атырау облысының әкімдігіне берілген тапсырма өз кезегінде шешімін тауып, қазіргі кезде Махамбет ауданының Сарайшық ауылының маңындағы Жайық өзенінің ұзындығы 1,5 шақырым болатын жағалауын бекіту жұмыстарының техникалық-экономикалық негіздемесін дайындауға жергілікті бюджет есебінен қаражат қарастырылып, мемлекеттік сатып алу заңнамасында сәйкес өткізілетін конкурстың құжаттары әзірленуде».
Жауапта сондай-ақ осы құжаттар мен оған жасалатын мемлекеттік сараптамалар алынып, құзырлы мемлекеттік органдарға тиісті бюджеттік ұсыным тапсырылған соң қаржыландыру мәселесінің республикалық деңгейде қарастырылатыны да айтылған.
«Ақ жол» партиясы ұлттық тарихқа, ұлттық құндылықтарға қатысты елдік мәселелерді көтеріп, шешу бағытындағы жұмыстарын жалғастыра береді.