Азат Перуашев ашуға мінді – ‘Халық сөзi’ газеті

» Баспасөз жарияланымдар » Азат Перуашев ашуға мінді - 'Халық сөзi' газеті

28.03.2014, 00:00

Халык созi (Астана), № 3 (307), 14.03.2014

Өткен сейсенбі күнгі Мәжілістің пленарлық отырысында бұған дейін «егізді де өлтіргісі келмейтін, арбаны да сындырғысы келмейтін» «Ақ жол» демократиялық партиясының фракция мүшелері Үкіметті «талап жеп» қоя жаздады, Әсіресе еңселі келген экс-спортшы, бокстан спорт шебері деген дәрежесі бар фракция жетекшісі Азат Перуашев, әгәрәки сол сәтте алдына Ахметов келсе, «апперкотпен» ұрып жығатындай-ақ ашуға мінді. Бұған дейін Азат мырзаның мұндайын онша-мұнша байқай қоймаған депутат әріптестері түгілі, өзінің фракцияластары да әжептәуір аң-таң боп қалды. Ал шындығына келгенде, «Ақ жол» лидерінің ашуланатындай-ақ жөні бар екен.

Оның айтуынша, Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының 2010-2013-ші жылдардағы нәтижесіне байланысты езінің Үкіметке жіберген сұрауына формальді түрдегі, «сылап-сипай салу» мағынасындағы жауап келіпті. Тіпті Елбасымыз осынау бағдарлама негізінде Үкіметке нақты мақсатты тапсырмалар берген болса да, Азат мырзаның сұрауында айтылған өзекті мәселелерге «ол жақтан» келген жауаптарда мүлде басқа деректер келтіріліпті. Мәселен, Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламалары жобаларының тізімі сұралғанменен, оған қайтарған жауаптарында үкімет қызметкерлері мүлде «басқаша әңгімелер» айтып кеткен.

Перуашевтің айтуына қарағанда, Елбасымыздың бастамасымен дүниеге келген кешенді бағдарламалар ойдағыдай қаржыландырылып отырса да, олардың кейбіреулері себепсіз тоқтап қалған көрінеді. Ал енді мұндай жағдайда жобаларға жауапты қызметкерлер міндетті түрде тәртіптік жауапкершілікке тартылуға тиісті. Тіпті алдағы уақыттарда өз сұрауларына Үкіметтен формальділік үшін келген мағынасыз жауаптарды депутаттардың қабылдамай қою құқы жөніндегі мәселені Мәжіліс регламентіне енгізу қажеттігі де кезек күттірмейтін мәселе.

Міне, Азат Перуашев осылай деді. Өткен сейсенбіде.