«Ақ жол» Тәуелсіз Қазақстанның жаңа дәстүрінің негізін қалауға ұйытқы болып отыр

» Санат жоқ » «Ақ жол» Тәуелсіз Қазақстанның жаңа дәстүрінің негізін қалауға ұйытқы болып отыр

30.05.2013, 00:00

2013 жылдың 30 мамыры, «Ақ жол» демократиялық партиясының баспасөз қызметі
 
Баршаға мәлім, Қазақстанда 31 мамырда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын Еске алу күні аталып өтеді.
Бұл күні «Ақ жол» партиясы Астана, Алматы қалаларында, барлық облыс орталықтарында саяси қуғын-сүргін, ашаршылық құрбандарын аза тұтып, жадымызда сақтау үшін Еске алу патриоттық акциясын өткізеді.
Бұл акцияның мақсаты – нақақтан-нақақ «халық жаулары» деген жала жабылып атылып кеткен, абақтылар мен лагерлерде азап шегіп, аштан қырылған отандастарымыздың рухына бас иіп, тағзым ету. 
«Ақ жол» партиясы елімізде тұратын барлық ұлттардың өкілдерін және кез келген партиялық сенімдегі қазақстандықтарды 31 мамыр күні Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік туының бір бөлшегін – көгілдір лентаны саяси қуғын-сүргін  және ашаршылық құрбандарын еске алып, құрмет көрсету белгісі ретінде тағып жүруге, сөйтіп жаңа дәстүрдің негізін қалауға шақырады.
БІЗ:
–            Қазақстанда 1921- 1954 жылдар аралығында саяси себептермен 100 мыңнан астам көрнекті қоғам қайраткерлері жазаланғанын., 25 мыңнан астамы атылғанын;
–            Әртүрлі бағалаулар бойынша, тұтастай алғанда қазақ халқының 60-65 пайызын құраған 2-ден 3 миллионға дейін адамның  ашаршылық нәубетінен ажал құшқанын, Қазақ елінен 1,5 миллион адамның бас сауғалап, босып кеткенін;
–            Ұлттық мемлекеттілік мүддесін көздеген көзі ашық, көкірегі ояу зиялыларынан түгелдей дерлік айырылғанын;
–            Қазақстанның жүздеген мың жазықсыз жандардың және репрессияға ұшырап, қуғындалып келген басқа этностардың мекеніне айналғанын, сұрапыл зұлматты басынан кешкен біздің халқымыздың оларды сұмдық жұттан, адамдарды қынадай қырған ашаршылықтан құтқарғанын әрдайым ЕСТЕ САҚТАЙМЫЗ.