28
Наурыз

Күләш Байсейітова атындағы театрдың жабылуына наразылар көп… - 'Қазақ үнi' газеті

Қазақ үнi (Алматы), № 11 (620), 18.03.2014

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі С. Н. Ахметовқа Депутаттық сауал

Құрметті Серік Нығметұлы!

Қазақтың дарынды опера әншісі және драмалық актрисасы Күләш Жасынқызы Байсейітованың әлемге аты әйгілі екендігі баршамызға мәлім. Асқан талант иесі КСРО халық әртістігін өте жас шағында иеленген еді және екі мәрте Сталин (мемлекеттік сыйлыққа пара-пар) сыйлығының лауреаты атағын да алған.

Орыс және қазақ композиторларының операларында Күләш Байсейітова жасаған бейнелер қарама-қайшы мінездердің тұтас галереясын құрды.

Бұл аты аңызға айналған тұлғаның сіңірген еңбектері көптеген газет және журнал мақалаларына, көркем және деректі фильмдерге арқау болды, бұл кісінің есімімен Алматы мен Астана қалаларының көшелері және Алматыдағы атақты музыка мектебі аталды.

Бұл жағдайды Мемлекет Басшысы да назарынан тыс қалдырмай, 2000 жылғы 5 шілдеде Астана қаласын одан әрі әлеуметтік-мәдени дамыту мақсатында және аса көрнекті қазақ әншісі Күләш Байсейітованың есімін мәңгі есте қалдыру үшін «Ақ орда» опера және балет театрына Ұлттық театр мәртебесін беру туралы Жарлығын шығарды. Ұлттық театр Күләш Байсейітова атындағы ұлттық опера және балет театры болып қайта аталды.

Президенттің аталған Жарлығын жүзеге асыру мақсатында, Қазақстан Республикасының Үкіметі 2000 жылғы 10 шілдеде «Ақ орда» опера және балет театры» қазыналық мемлекеттiк кәсіпорнын«Күләш Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театры» қазыналық мемлекеттiк кәсіпорны» деп қайта атау туралы қаулы қабылдаған.

Алайда, 2014 жылғы 3 ақпанда Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңымен белгіленген мемлекеттік кәсіпорындардың қызметінің нысанына сәйкес келмейді деп, Ұлттық театрды тарату туралы №43 қаулысын қабылдады.

Қабылданған Үкімет қаулысы бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде үлкен қоғамдық резонанс туғызды.

Іс жүзінде, Үкіметтің бұл қаулысы, елдің мәдени орталығы ретінде Астана қаласын одан әрі әлеуметтік-мәдени дамыту мақсатында қабылданған Қазақстан Республикасы Президентінің 2000 жылғы 5 шілдедегі «Күләш Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театры туралы»№ 416 Жарлығына қайшы келіп отыр деп есептейміз.

Сонымен қатар, «Ақ жол» ҚДП депутаттық фракциясына аталған қаулыға наразылығын ашық білдіріп отырған Ұлттық театр қызметкерлерінің үндеухаты келіп түсті.

Осымен бірге, бүгінгі күні Астана қаласында өз сәулет бейнесімен және әсемділігімен, акустика мүмкіндіктерімен Еуропадағы ең үздік театрлардың бірі болып табылатын жаңа «Астана Опера» театры ашылып, қызмет атқаруда.

Алайда, «Астана Опера» театрының баға саясаты Күләш Байсейітова атындағы театр бағаларымен салыстырғанда едәуір өзгешеленеді.

Атап айтқанда, жаңа театрда әлем классиктерінің кейбір қойылымдарына билет бағасы 10-15 мың теңгеден асып түседі, оған классикалық опера музыкасының әуесқойлары болып табылатын, бірақ орташа табысы бар азаматтардың (педагогтар, дәрігерлер және т. б.) қолы жете бермейді.

Бұл арада, Күләш Байсейітова атындағы театрдың билет бағасы небәрі 500 теңге немесе 20 есе арзан болғандықтан, осы санаттағы көпшілік көрермендерді классикалық музыкаға тартуға және қызығушылық туғызуға бағытталғандығын атап өту қажет.

Бұдан басқа, Мемлекет Басшысы, театрға Ұлттық мәртебесін берумен қатар, жоғарыда аталған 2000 жылғы 5 шілдедегі Жарлықпен Ұлттық опера және балет театры Қазақстан Республикасы халқының игілігі болып табылады деп белгілеген. Алайда, Үкімет, өз қаулысымен бұл театрды жауып отыр.

Нақтырақ айтқанда, бұл жағдайда, аты аңызға айналған опера әншісінің және актрисаның аты ұмыт қалдырылып отыр.

Жоғарыда баяндалғанға сай, «Ақ жол» ҚДП депутаттарында кем дегенде екі заңды сұрақ туындайды:

1) Неге, Үкімет, егер осы Республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорын қызметінің мақсаты «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңның талаптарына сәйкес келмесе, театрды мүлде таратудың орнына, оны өзге заңды тұлға нышанына қайта айналдыру бойынша шаралар қабылдамады?

2) Бүгінгі күнге қолданыста қалып отырған Қазақстан Республикасы Президентінің 2000 жылғы 5 шілдедегі Жарлығын әрі қарай орындау қалай жүзеге асырылады?

Баяндалғанның негізінде, құрметті Серік Нығметұлы, «Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің «Күләш Байсейітова атындағы ұлттық опера және балет театры» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнын тарату туралы» 2014 жылғы 3 ақпандағы Үкімет қаулысының күшін жою мүмкіндігін қарастыруды ұсынамыз.

Құрметпен, «Ақ жол» фракциясының депутаттары А.Перуашев, А.Әбілдаев, Е.Никитинская, М.Қазбекова, Н.Жазылбеков, А.Тұртаев, Т.Ерғалиев