Партияның Маңғыстау жастар қанаты Тахауи Ахтановтың «Махаббат мұңы» спектаклін астана жұртшылығына табыстады

» Аймақ - жаңалықтары » Маңғыстау облысы » Партияның Маңғыстау жастар қанаты Тахауи Ахтановтың «Махаббат мұңы» спектаклін астана жұртшылығына табыстады

09.09.2019, 10:19

9 қыркүйек 2019 жыл, «Ақ жол» партиясының маңғыстау облыстық филиалы

 «Ақ жол» партиясының Маңғыстау облыстық филиалы жанындағы «Ақ жол-жастар» жастар қанатының (театрының) әуесқой әртістері ұлттық әдебиетімізге өшпес із қалдырған Төлеген Айбергеновтың кемеңгер тұлғасын еске алып, қазақ әдебиетінің поэзиясына қомақты үлес қосқан қарымды қаламгердің әдеби мұрасын  насихаттау мақсатында ақиық ақын өлеңдерімен өрнектелген Тахауи Ахтановтың «Махаббат мұңы» атты лирикалық қойылымын  Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің акт залында сахналады.

Спектакльге Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің Әлеуметтік және азаматтық даму департаментінің директоры Рүстем Әлқожа, «Ақ жол» ҚДП МОФ төрағасы Жаңбырбай Жәнібекұлы, Төлеген Айбергенов атындағы №16 орта мектеп ұжымы, ЕҰУ-нің студенттері мен Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары қатысты.

Қойылымда талант тағдыры, өнер адамдарына артылар жауапкершілік, махаббат атты мөлдір сезімнің пәктігі, жастардың тағдыр жолында қабылдаған шешімдерінің дұрыстығы мен бұрыстығы, өмір атты үлкен соқпақтың қызығы мен қиындығы туралы суреттелді.

Сонымен қатар, адам бойындағы адалдық пен арамдық, достық пен сатқындық туралы сыр шеркен спектаклдің өн бойында Төлеген Айбергеновтің сөзіне жазылған әндері мен  өлеңдері оқылды.

Бұл спектаклді «Ақ жол» жастары өзінің қызығушылығымен, әуесқойлығымен табиғи дарындылығымен сомдады.

Спектакль соңында, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің Әлеуметтік және азаматтық даму департаментінің директоры Рүстем Әлқожа жастардың өнеріне өз ризашылығымен алғысын айтып, университет атынан естелік сыйлықтар мен гүл шоқтарын табыстады.