«Ақ жол»
фракциясы Құрылыс кодексінің жобасын маңызды әрі қажетті құжат ретінде
қарастырады.
Бизнес саланы
реттеуді жақсарту, заманауи және серпінді, соның ішінде цифрлық құралдарға
негізделген шешімдерге көшу үшін бұл құжаттың әзірленуіне үміт артады.
Сонымен қатар,
2023-24 жылдары Парламентке ұсынылғаннан бері салалық бизнес қауымдастықтары
мен сарапшылар үкіметтің жобасын қатаң сынға алып, тіпті оны қараусыз қайтаруды
талап етіп келді.
Дегенмен, Мәжілістің Жұмыс тобы әріптестеріміз айтып өткендей орасан зор жұмыс атқарды. Іс жүзінде құжат 60-70 пайызға қайта қаралып, бірнеше түбегейлі қайшылықтарды шешкен.
Соған қарамастан Құрылыс салушылар қауымдастығы, Құрылысшылар одағы, құрылыс материалдарын өндірушілер, жол салушылар «Ақ жол» демпартиясына жүгініп отыр.
Олардың ұстанымдарын қорытындылай келе, мыналарды атап өтуге болады:
1. Шынтуайтына
келсек, таныстырылған Кодекс саланың күткеніндей емес, жаңашыл шешімдер ұсынған
жоқ. Көп жағдайда іс жүзіндегі заңдар мен заңға тәуелді актілердің механикалық
біріктірілуі болып табылады.
Бұнымен қоймай, бірқатар мәселелер бойынша бұрын ескірген деп танылған тәсілдерге қайта жүгіну байқалады, көптеген баптар жеңілдеудің орнына күрделендіріліп, бөлшектенген.
2. Тәсілдерді
модернизациялау, оларды уақыт талабына сәйкестендіру жөніндегі талаптарға
қарамастан, «ақылды қалаларды», қаладағы цифрлық ортаны, энергияны тиімді
пайдалануды, жасыл құрылысты дамытуға арналған нормалар мен елдімекендерді
тұрақты дамыту тұжырымдамасы жасалмаған.
Ескірген тұрғын үй қоры мен тұрғын үй алаптарын жүйелі түрде реновациялау, инфрақұрылымды жаңарту тұжырымдамасы да жоқ.
3. Жұмыс
үдерістерінің теңгерімін сақтау орнына, құжатта әкімшіліктендіру мен шамадан
тыс бюрократияландыру жағына қарай айтарлықтай ауытқу орын алған. Қадағалаудың
жаңа түрлері, қосымша келісім рәсімдері енгізілуде.
Бақылаудың
параллель және бірін-бірі қайталайтын түрлері жасалған. Мысалы, мемлекеттік
сәулет-құрылыс бақылауы, қоғамдық бақылау мен тыңдаулар, авторлық сүйемелдеу,
техникалық қадағалау, сырттай профилактикалық бақылау, түрлі аккредитациялар,
сертификаттаулар, реестрлер – мұның бәрі келісім мерзімдеріне және жобаларды
іске асырудың өзіндік құнына әсер етеді.
Мемлекет басшысы
үнемі бизнес-процестерді бюрократиядан арылту, әкімшілік кедергілерді азайту,
бақылау функцияларын цифрлық және байланыссыз форматқа көшіру мәселесін көтеріп
келеді. Алайда, бұл жерде теріс бағыттағы қозғалыс байқалады.
4. Өзін-өзі реттеу туралы нормалар
басқа заңды қайталайды, тек өзге редакцияда берілген. Бұл бірқатар мәселелер
бойынша құқықтық қайшылық тудырады.
5. Тағы бір мәселе – құрылыс
нысандарына бірыңғай 5 жылдық кепілдік мерзімін енгізу.
Бұл талап
мыналарға қайшы келеді:
•Құрылыс материалдарының сәйкестік
сертификатының жарамдылық мерзімі 3 жыл деп белгіленген «Ғимараттар мен құрылыстардың
қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентіне;
• Әртүрлі жол түрлері бойынша мерзімдер 1,
2 және 3 жыл болып белгіленген Автомобиль жолдарының конструктивтік
элементтерінің жөндеуаралық мерзімдері жөніндегі салалық ұсыныстарына;
•Техникалық жабдықтар мен материалдарды
өндіретін зауыттардың МЕМСТ-тармен және техникалық шарттармен айқындалатын
кепілдік мерзімдеріне қайшы келеді.
•Бірыңғай кепілдік мерзімін енгізу
инженерлік желілерді, шатырды, құрылымдарды күтіп ұстау талаптарының сақталуын
немесе сақталмауын; иелерінің тарапынан
уақытылы жоспарлы жұмыстардың жүргізілуін есепке алмайды.
Бұл мәселені
техникалық регламенттер мен стандарттарға сәйкестендіру қажет деп санаймыз.
Әрине, біз ізгі
тілектерімізді қағазға түсіре аламыз, бірақ, олар нақты материалдық-техникалық
базаға сүйенуі тиіс.
6. Детальді
жобалау жоспарларын (ДЖЖ) түзету жиілігіне, параметрлік әдісті қолдануға,
нормативтік құжаттаманы міндетті және ерікті қолдануға бөлуге қатысты да
ескертулер мен ұсыныстар бар;
Бірдей
техникалық шешімдер бойынша міндетті техникалық құжаттарда қайталанатын «арнайы
техникалық шарттарды» типтік шешімдермен алмастыру қажет және т.б.
Жоғарыда
айтылғандардың ешқайсысы жұмыс тобындағы біздің әріптестеріміздің атқарған
үлкен еңбегін жоққа шығармайды, керісінше, олардың қаншалықты шикі құжатты шыт
жаңа қайта өңдеуге мәжбүр екенін көрсетеді.
Естеріңізге сала кетейін, Президент Қ. Тоқаев
өзінің биылғы Жолдауында былай деген еді: «Заңнаманы күрделендірумен емес, оны
кәсіпкерлердің қажеттіліктеріне бейімдеумен айналысу керек… Бизнесті артық
тексерулерден қорғаудың негізгі құралы Міндетті талаптар тізілімі болуы тиіс.
Оның нормаларының Кәсіпкерлік кодекске сәйкестігін қосымша қайта қарап,
толыққанды енгізілуіні жеделдету қажет».
Заң жобасында
ұсынылған барлық әкімшілік қысым шараларын да Кәсіпкерлік кодекске сәйкестігі
тұрғысынан қайта қарау қажет деп санаймыз, өйткені онда айқын асыра сілтеулер
бар. Тәртіп орнату керек, бірақ, саланы құрылыс салатын ешкім қалмайтын
деңгейге жеткізіп, соншалықты реттеуге де.
Құрылыстық
бизнес-қоғамдастығынан түскен осы және өзге де ескертулерге байланысты «Ақ жол»
фракциясы бұл заң жобасын бірінші оқылымда қолдаудан бас тартады.
Біз оны
әріптестерімізбен тізе қоса отырып, екінші оқылымға дейін қажетті бағытта
жетілдіруге тырысамыз.
Назарларыңызға
рахмет!