24
Қыркүйек

«Ақ жол» партиясының Шығыс Қазақстан облыстық филиалының жаңа төрағасы сайланды

24 қыркүйек 2022 жыл, “Ақ жол” партиясының баспасөз қызметі


Бүгін “Ақ жол” партиясының ШҚО филиалының есептік-сайлау конференциясы өтті.


Конференцияға аймақтағы делегаттар мен қатар ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Берік Дүйсенбинов және Ұлттық Кеңестің хатшысы, “Ақ жол” Демократиялық партиясының аппарат жетекшісі Асылхан Қожахметов қатысты.


Жиын барысында филиал жұмысының бағыттары талқыланып, жаңа төраға сайланды. 


Филиалдың жаңа төрағасы болып бірауыздан Шыңғыс Риаханов сайланды.  Ол Мичиган университетінің түлегі, саяси ғылымның кандидаты, құрылыс, ІТ саласында кәсіпкер. 


Жаңа басшының заманға сай білімі мен біліктілігі, жұмыс тәжірибесі жайында айтқан баяндамашылар жаңа төрағаға жоғары баға беріп өтті.


Конференцияда сөз алған партия филиалы төрағасының орынбасары  Бүркіт Сұлтанов өңірде соңғы 1,5 жылда атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді.



Осы уақыт ішінде ақжолдықтардың ұйытқы болуымен бірқатар іс-шаралар өткізілген. Оның ішінде - дөңгелек үстелдер, жергілікті тұрғындармен кездесу, қайырымдылық акциялары, тұрмыс төмен отбасыларға көмек, балаларға арналған экскурсиялар, спорттық сайыстар және басқа да көптеген жұмыстар бар.


Күн тәртібінде сонымен қатар партия құрамына жаңадан кірген мүшелерге  партия билеттері табысталды. Олардың қатарында облысқа танымал қоғам белсенділері, БАҚ және басқа мекеме қызметкерлері бар. “Ақ жол” ҚДП 20 жылдығына орай партияның еңбек сіңірген белсенді мүшелеріне арнайы медальдар мен алғыс хаттар табысталды.