13
Наурыз

Cұхбаттар 13.03.2026

Мемлекетімізбен және оның Президентiмен мақтанудың себебі

Азат Перуашевтің Мәслихат депутаттары форумының қорытындысы бойынша  тәуелсіз журналист Ирина Панфиловаға берген сұхбаты.

— Азат Тұрлыбекұлы, Қасым-Жомарт Тоқаевтің пікірінше, табыс сол табыс табылатын аумақтардың дамуына жұмыс істеуі тиіс. Сіз бұл ұстанымды қолдайсыз ба? Бұл міндетті жүзеге асыруда мәслихаттардың рөлі қандай?

Президент бүгін бірқатар өте маңызды шешімдерді жариялады. Атап айтқанда, ауылдық округтердің бюджеттері, яғни төртінші деңгейдегі бюджеттер, қосымша табыс көздеріне ие болады. Олардың қатарына кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық, жерасты сулары мен емдік балшықтарды пайдаланғаны үшін төлем кіреді. Сондай-ақ заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер төлейтін мүлік салығының бір бөлігін осы бюджеттерге беру мәселесі де қарастырылып жатыр. Бұдан бөлек, өңірлерге қызметтің жекелеген түрлеріне берілетін лицензиялық алымдардан және экологиялық айыппұлдардан түсетін қаражат та берілуі мүмкін.

Яғни, бұл табыс түрлері тек өңірлік деңгейге ғана емес, тікелей ауылдық округтер деңгейіне, яғни төртінші деңгейдегі бюджетке түсетін болады деген сөз. Бұл, сөзсіз, ауылдық аумақтардың және қалалар маңындағы агломерациялардың дамуын едәуір күшейтеді.

Алайда кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салықты руда мен мұнай-газ ресурстарына қатысты қолданылатын пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салықпен (НДПИ) шатастырмау керек. Кең таралған пайдалы қазбалар — бұл құм, қиыршық тас, тас және соған ұқсас қарапайым материалдар. Мұнда төлем көлемі аздау болғанымен, ауылдық аумақтардың дамуы үшін бұл бәрібір елеулі қосымша қаржы болып табылады.

Әсіресе заңды тұлғалардың мүлік салығының бір бөлігін беру мәселесіне келсек. Көп жағдайда кәсіпорындар бір жерде жұмыс істеп, салықты басқа жерде төлейді. Кейде ірі бизнес (оның ішінде пайдалы қазбаларды өндіру) ауылдық округтерге жататын аумақта жүргізіледі. Егер ол елді мекен дамымаған болса, онда басқа кәсіпорындар мен жұмыс орындары іс жүзінде жоқ, сәйкесінше бюджеттерді толықтыру мүмкіндігі де болмайды. Сондықтан табыс көздерінің тізімін кеңейту — дұрыс шешім. Бұл екі жақты нәтиже береді: бір жағынан, инфрақұрылымға, мектептер мен медициналық пункттерді, жолдарды, су жүйелерін ұстауға қосымша қаражат түседі. Екінші жағынан, ауылдық округтерде жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту бағдарламаларын қаржыландыру мүмкіндігі пайда болады — мысалы, абаттандыру жұмыстары, балалар үйірмелерін ашу, мұқтаж адамдарға көмек көрсету. Осылайша мұндай елді мекендердің тұрғындары ұлттық табысты бөлуге қатысып, елдің экономикалық дамуынан өз табыс үлесін ала алады. Бұл — қолдауға тұрарлық жүйелі шешім.

Жеке бір тақырып – экологиялық айыппұлдар. Бұған дейін олар толықтай республикалық бюджетке түсіп келді, ал егер ірі өндіруші компаниялар туралы айтсақ, онда әңгіме қомақты сомалар жайында болып отыр. Бірақ заң бұзушылықтардан зардап шегетін – жергілікті тұрғындар, жер қойнауын пайдаланушы өзен арнасын қазып, ластаса немесе ауаға зиянды қалдықтар таратып, оны уласа, ең алдымен солардың өмір сүру сапасы төмендейді. Сондықтан экологиялық айыппұлдардың бір бөлігін жергілікті тұрғындарға көмек көрсетуге, келтірілген залалды жоюға бағыттау мәселесі бұрыннан бері көтеріліп, талқыланып келеді, оның ішінде Парламентте де. Ал Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл мәселені жай проблема ретінде емес, нақты тапсырма ретінде жариялағаны көптеген қазақстандықтарды қуантты. Бұл — «Еститін мемлекет» қағидатының нақты жүзеге асуы.

Ал мәслихаттардың рөліне келсек, Президент бүгінгі депутаттар форумындағы сөзінде олардың бюджетті жоспарлау және орындау ісіндегі өкілеттіктерін күшейтуді тапсырды. Мәслихаттар тек екі деңгейде — облыстық және аудандық деңгейде ғана бар екенін ескеру қажет. Ауылдық елді мекендер деңгейінде мәслихаттар жоқ, ол жерде жергілікті өзін-өзі басқарудың нысаны ретінде тұрғындардың жиыны жұмыс істейді. Сондықтан төртінші деңгейдегі бюджеттер іс жүзінде аудандық мәслихаттардың жауапкершілік аймағына кіреді.

Президент мәслихат депутаттары жиі көтеріп жүрген мәселені де орынды атап өтті: бюджет жобалары соңғы сәтте ғана келіп түседі, ол кезде оларды жедел түрде бекіту керек болып, бір нәрсені нақтылап, өзгертуге еш мүмкіндік болмайды. Сонымен қатар олар өте жалпы форматта ұсынылады, мұндай жағдайда қаражаттың нақты қалай жұмсалатынын бақылау және оның тиімділігін талдау қиын. Мемлекет басшысы бұдан былай мәслихаттар бюджет жобаларын алдын ала және егжей-тегжейлі түрде алуы тиіс екенін талап етті. Бұл атқарушы органдардың жоспарларын сапалы қарастыруға ғана емес, депутаттардың бақылау функцияларын да тиімді орындауына мүмкіндік береді. Бұл әсіресе қазір, үшінші және төртінші деңгейдегі бюджеттер ұлғайған кезде аса маңызды: жергілікті қауымдастықтарды алаңдататын бағыттар бойынша қаражатты неғұрлым ұтымды пайдалануға мүмкіндік туады.

Жаңа Конституцияға сәйкес мемлекеттің ең басты құндылығы — адам, оның құқықтары мен бостандықтары; ал республиканың басым міндеттерінің бірі — халықтың әл-ауқатын арттыру. Мұны жергілікті бюджеттердің тиімді жұмысынсыз жүзеге асыру мүмкін емес. Сондықтан да президент Қ. Тоқаев мәслихаттар форумында Қазақстан әлемдегі ең ірі 50 экономиканың қатарына кіргенін атап өте отырып, макроэкономикалық көрсеткіштердің өз алдына мақсат емес екенін айтты. Сондай-ақ 10 ақпанда Үкімет отырысында ол жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) жақсы көрсеткіштері азаматтардың өмір сүру деңгейінің нақты өсуіне жеткілікті дәрежеде әсер етпей отырғаны үшін Министрлер кабинетін сынға алған болатын. Сондықтан бюджетті қарау және бақылау мәселесінде мәслихаттардың өкілеттіктерін күшейту — экономикалық дамудың нәтижесін әрбір елді мекен мен әрбір қазақстандық отбасыға жеткізуге мүмкіндік беретін маңызды реформа.

— Президент егер референдумда азаматтар Негізгі заңның ұсынылған жобасын қолдаса, елдің саяси құрылымы түбегейлі өзгеріске ұшырайтынын атап өтті. Жаңа конституциялық модельге көшу туралы не ойлайсыз?

Қасым-Жомарт Кемелұлы жаңа конституциялық модель туралы пропорционалдық және мажоритарлық сайлау жүйелерінің арасындағы тепе-теңдік контекстінде айтып, парламенттік реформаны талқылау барысында кейбір партиялар, бір партиялық Парламент сияқты, мәслихаттарды да пропорционалдық қағидат бойынша қалыптастыруды ұсынғанын атап өтті. Мұндай ұсынысты біздің партия жасаған болатын. Алайда Мемлекет басшысы қаңтар айында Қызылордадағы Ұлттық Құрылтай барысында айтып, бүгін тағы да қайталағандай, өңірлік деңгейде мажоритарлық жүйені сақтау қажет. Сондықтан бұл шешімді тек сайлау үдерісінің алуан түрлілігі ретінде ғана емес, ең алдымен мемлекеттік басқарудың әртүрлі деңгейлері арасындағы өкілеттіктерді бөлу ретінде түсіну керек.

Өйткені реформа аясында Парламент, мәслихаттар және Халық кеңесі арасында функциялардың терең институционалдық қайта бөлінуі жүріп жатыр. Парламент толықтай партиялық тізімдер бойынша сайланып, толықтай кәсіби заң шығару қызметіне шоғырланады. Бұл — көбіне саяси функция, сондықтан мұндай рөл партияларға жүктеледі. Мәслихаттар заң қабылдамайды. Олардың негізгі міндеті — халықтың мүддесін білдіру және жүзеге асыру. Өңірлік деңгейде (облыстар мен республикалық маңызы бар қалаларда) бұл міндет белгілі бір деңгейде саяси процесспен ұштасады, сондықтан партиялардың қатысуы қажет. Ал жергілікті қауымдастықтарға барынша жақын деңгейде — облыстық маңызы бар қалалар мен аудандарда — мәслихаттар тұрғындардың күнделікті мәселелерін шешумен айналысуы тиіс. Мұнда шамадан тыс саясиландыру тіпті зиянды болуы да мүмкін.

Шынайы мемлекеттік саясат жергілікті жерде жүзеге асады. Қаншалықты жақсы әрі дұрыс заңдар қабылданса да, егер азамат өз ауылының немесе тіпті көшесінің деңгейінде оң өзгерістерді көрмесе, мұндай заңдардың еш құны болмайды.

Сондықтан бүгін бүкіл ел үміт артып отырған ауқымды өзгерістерді іске асырудың негізгі бөлігі жергілікті органдарға — үшінші және төртінші деңгейдегі бюджеттерге жүктеледі. Дәл осы жерде депутаттар халықпен тікелей жұмыс істеп, адамдарды тыңдап, олардың күнделікті мәселелерін шешуге көмектесуге тырысады.

Сонымен қатар Халық кеңесі —жоғары консультативтік орган құрылып жатыр. Онда этномәдени бірлестіктердің, азаматтық қоғам көшбасшыларының, сондай-ақ мәслихаттар мен қоғамдық кеңестер арқылы ұсынылатын өңір өкілдерінің қатысуы қарастырылған. Бұл органның басқа өкілеттіктерімен қатар заңнамалық бастама көтеру құқығы да болады. Сондықтан шынымен де жаңа конституциялық модельдің қалыптасуы туралы айтуға толық негіз бар.

Сонымен бірге әзірге ауылдық округтердегі тұрғындар жиындары деңгейінде қалыптасып жатқан жергілікті өзін-өзі басқаруды да ескеру қажет. Олар да жүйенің маңызды бөлігіне айналуы тиіс. Ал олардың бюджеттері (төртінші деңгей) күшейген сайын, бұл эволюция да алыс емес деп ойлаймын.

Билік органдарын қалыптастыру тетіктері мен өкілеттіктерді осылай бөлу әр басқару деңгейіне өз міндеттерін тиімдірек орындауға мүмкіндік береді. Ұлттық деңгейде мәселелер көбіне саяси сипатта болады, сондықтан сайлау партиялық тізімдер бойынша өткізу ұсынылып отыр. Ал жергілікті деңгейде нақты мәселелер шешіледі: көпір салу, мектеп жөндеу, су құбырын іске қосу және басқа да практикалық міндеттер. Сондықтан Президент атап өткендей, бұл жерде мажоритарлық жүйе сақталады.

Ал облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар деңгейінде — саясат пен күнделікті мәселелер тоғысатын жерде — мәслихат сайлауы аралас жүйе бойынша өтеді: депутаттардың жартысы пропорционалдық жүйе арқылы, ал жартысы мажоритарлық жүйе арқылы сайланады. Осылайша нақты мәселелерді саяси бағдарламалармен ұштастыра отырып, мұндай мәслихаттар бір жағынан Парламент үшін кадрлар даярлайтын мектепке де айналады.

Менің ойымша, Президент дәл осы туралы айтты. Айтпақшы, ол өкілді органдардың лоббизм мен популизмнен арылу қажеттігін де атап өтті, және бұл олардың шамадан тыс саясилануына қарсы тағы бір маңызды уәж болып табылады.

Биліктің бүкіл өкілді тармағы мемлекеттік және қоғамдық мүдделерге, кеңірек айтқанда — ұлттық мүдделерге сүйенуі тиіс. Менің түсінігімде, бұл — оның жаңа моделінің мәні.

- Президенттің мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін саяси-дипломатиялық құралдардың барлығын қолдануға ниетті екені туралы мәлімдемесін қалай бағалайсыз?

Бұл ең алдымен Президенттің мемлекетіміздің күші мен тұрақтылығына, экономиканың және қоғамның күш-жігерін бі арнаға жұмылдыру қабілетіне сенімді екенін көрсетеді. Сонымен бірге ол мемлекет халықаралық жағдайдың тез өзгеретін шарттарына лайықты жауап бере алуы, көршілермен және серіктестермен ортақ тіл таба білуі қажет екенін де атап өтті.

Екінші маңызды жайт — Мемлекет басшысының үлкен жеке дипломатиялық тәжірибесі. Елдің мүмкіндіктеріне және дипломатияның тиімділігіне деген сенім көп жағдайда оның кәсіби тәжірибесімен байланысты. Бүгінде Қазақстаннан тыс жерлерде де Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлемдік деңгейдегі саясаткерге айналғаны, тіпті ірі халықаралық ұйымдарды басқаруға қабілетті тұлға екені ашық айтылып жүр. Бұған әркім әртүрлі қарауы мүмкін, бірақ бұл — факт.

Біз Қазақстан Президентінің жаһандық маңызы бар іс-шараларға қаншалықты тиімді қатысып жүргенін көріп отырмыз: мысалы, Біріккен Ұлттар Ұйымы сессиялары, Давостағы Дүниежүзілік экономикалық форумы немесе АҚШ, Қытай, Ресей және Еуроодақ көшбасшыларымен өтетін «Орталық Азия +1» форматындағы кездесулер. Менің ойымша, халықаралық қауымдастықтың тек Қазақстанға ғана емес, тұтастай аймаққа деген қызығушылығының артуы көбіне Мемлекет басшысының еңбегі.

Шетелдік сарапшылар Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлемдік көшбасшылармен — АҚШ Президентімен, Қытай Халық Республикасының басшысымен, Ресей Президентімен, Еуропалық одақ жетекшілерімен, ислам әлемінің және Орталық Азия мемлекеттерінің басшыларымен — кіммен болса да ортақ тіл таба білетін ерекше қабілетін атап өтуде.

Меніңше, мұндай тәсіл біздің мәдениетіміздің тарихи сабақтастығын көрсетеді. Ұлы Жібек жолы дәуірінен немесе Қазақ хандығы заманынан бері ата-бабаларымыз жақын әрі алыс көршілермен, серіктестермен әрдайым ортақ келісімге келе білген. Осындай ұстаным әрқашан ұлттық мүдде мен ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің ең сенімді жолы болып саналған.

Сондықтан Қазақстанның бейбіт әрі жасампаз ұстанымы туралы айта отырып, Президент іс жүзінде еліміздің өз ұлттық мүдделерін дәйекті түрде қорғап әрі ілгерілететінін, сонымен қатар маңызды мәселелерде басқа мемлекеттердің ұстанымдарын да ескеретінін жеткізеді. Бұл — өте позитивті сигнал. Халықаралық саясат көбіне өзара түсіністік қағидатына негізделеді. Қазақстан конструктивті диалогқа дайын екенін көрсетіп отыр және серіктестерінен де осындай тәсілді күтеді. Сондықтан еліміз бүгін де, болашақта да кез келген мәселені дипломатия мен өзара құрмет арқылы шешуге болатынына сенеді.

- Президент өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның ЖІӨ 306 млрд доллар болғанын айтты. Елдің әлемдегі 50 ірі экономиканың қатарына кіруіне қандай факторлар әсер етті?

Мұнда бірнеше фактор бар. Ең алдымен — мемлекеттің белсенді инвестициялық саясаты және президент Қ.Тоқаевтың сыртқы аренада инвестиция тарту бағытындағы тиімді жұмысы. Соңғы жылдары бірқатар ірі компаниялар Қазақстанға келіп, өз қызметін осында локализациялайтынын мәлімдеді. Мысалы, ауыл шаруашылығы техникасын өндіретін ірі компания John Deere Қостанайда өндіріс ашу жоспарын жариялады. Сондай-ақ жақында Boeing компаниясының Шымкент қаласында сервистік орталық ашу жоспары туралы ақпарат шықты. Бұл — бірегей мысалдар. Менің білуімше, бұл екі алпауыт корпорация Еуразия кеңістігінде, кем дегенде ТМД елдерінің ешқайсысында осындай жобаларды бұрын ашпаған.

Автокөлік өндіруші Kia және Hyundai компаниялары қазақстандық бизнеспен бірлесіп Қостанай мен Алматы қалаларында өндіріс орындарын салып үлгерді. Қытайлық серіктестер де белсенді түрде келіп жатыр — жел электр станцияларын өндіру, цемент, әрлеу материалдарын шығару және басқа салалар бойынша жобалар жүзеге асуда.

Сонымен бірге Президент шетелдік инвесторлармен келіссөздер жүргізгенде Үкіметтен ұлттық мүдделерді басшылыққа алуды үнемі талап етеді. Атап айтқанда, ірі мұнай-газ жобалары бойынша өнімді бөлу туралы келісімдердің (ӨБК) мерзімін ұзарту талқылау барысында олардың шарттарын қайта қарау тапсырылды. Бұл мәселе бұрыннан бері «Ақ жол» Демпартиясы тарапынан Парламентте көтеріліп келген, өйткені 1990-жылдары жасалған ӨБК келісімдерінің шарттары көбіне инвесторлардың пайдасына басымдықпен жасалған. Ал өткен жылы Қасым-Жомарт Кемелұлы келісімдерді ұзарту мәселесін қарастырғанда Қазақстанның позициясын жақсартуды тапсырды. Сонымен қатар өндіруші компанияларға қазақстандық өнім мен жабдықтарды сатып алу жөнінде талаптар қойылып жатыр, бұл да өндіріске инвестиция тартуға ықпал етеді.

Сондай-ақ геологиялық барлау және минералдық ресурстарды зерттеу саласында маңызды шешімдер қабылдануда. Маңызды шикізат материалдары мен сирек жер металдары бағыттары белсенді дамып келеді. Мәселе жоғары технологиялық өндірістерді дамыту туралы: Мемлекет басшысының бастамасымен инновациялық технологиялардың дамуына елеулі серпін берілді.

Қазақстандық финтех те қарқынды дамып жатыр. Kaspi.kz, Freedom, Forte сияқты компаниялар бұл бағытта тек ішкі нарықтағы ғана көшбасшылар емес. Мысалы, Kaspi.kz әлемдегі ең ірі технологиялық қор биржаларының бірі — Nasdaq алаңында табысты орналасты. Мұның бәрі Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттырып, елдің сенімді іскер серіктес ретіндегі беделін нығайтады.

ЖІӨ-нің өсуіне «Самұрық-Қазына» қоры мен оның ұлттық компанияларының ірі инвестициялары, сондай-ақ даму институттарының белсенді жұмысы да ықпал етуде. Мысалы, бірқатар қаржылық даму институттарын басқаратын «Бәйтерек» холдингі инвестициялық холдингке айналдырылуы кездейсоқтық емес. Үш жылдық бюджет аясында ол 20 триллион теңгеден астам жеке және шетелдік инвестиция тартуды жоспарлап отыр.

Қазақстан экономикасына отандық компаниялар да белсенді инвестиция салуда. Тау-кен металлургия саласында Qarmet өзінің беделін түбегейлі жаңартып, өндірісін жаңғыртып, терең өңделген өнім шығаруға бағытталған жобаларды іске асырып жатыр. Осындай ірі жобалар ERG компаниясында, сондай-ақ химия өнеркәсібі, машина жасау және электротехника салаларындағы басқа да ірі корпорацияларда жүзеге асырылуда.

Сонымен қатар Қазақстан экономикасы біртіндеп әртараптандырылып келеді: ел тек ЖІӨ көлемі бойынша ғана емес, экономиканың күрделілік деңгейі көрсеткіші бойынша да алға жылжып отыр. Халықаралық рейтингтер де бұл көрсеткіштердің айтарлықтай өскенін көрсетеді. Бұл Қазақстанның біртіндеп шикізаттық тәуелділіктен арылып, теңгерімді әрі әртараптандырылған экономикаға көшіп жатқанын білдіреді. Әрине, мұндай нәтижелер бір күнде пайда болмайды — бұл мемлекет, Президент және Үкімет жүргізген көпжылдық жұмыстың жемісі. Ал «Ақ жол» Демпартиясы бұл өзгерістерге жан-жақты қолдау көрсетуге дайын.

- Президенттің «Қазақстан азаматтары әрдайым өз мемлекетінің қорғауында болады» деген мәлімдемесі нені білдіреді?

Өздеріңіз білетіндей, Қазақстан азаматтарының мемлекет қорғауында болатыны туралы тұжырым жаңа Конституция жобасында да бар. Жалпы, бұл — күшті әрі өркениетті мемлекеттерге тән жақсы дәстүр. Мен бұрын да айтқанымдай, Қазақстан — мықты мемлекет, және бұл оның өз азаматтарын ешқашан қиын жағдайда қалдырмайтынын тағы бір дәлелдейді. Қазіргі уақытта Таяу Шығыстағы әскери қақтығыстар басталғаннан кейін Қазақстан азаматтарын сол өңір елдерінен жаппай эвакуациялау туралы жаңалықтар кеңінен талқыланып жатыр. Бұл шынында да бұрын-соңды болмаған ауқымды операция болды. Әлеуметтік желілерде туристер мен басқа мемлекеттердің азаматтары Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктері — елшіліктері мен консулдықтары — біздің азаматтармен жедел байланысып, көмек көрсеткенін атап өтуде. Әңгіме тек туристер туралы ғана емес. Ол елдерде студенттер, жұмыс істейтін адамдар немесе тұрақты тұратын азаматтар да болды. Эвакуация бойынша операция осы күрделі жағдайда қалған қазақстандықтардың барлығын дерлік қамтыды. Азаматтардың бір бөлігі тікелей Ираннан шығарылса, енді бір бөлігі көрші мемлекеттерден, ондағы қонақүйлерден немесе жұмыс орындарынан эвакуацияланды. Кей жағдайларда адамдарды порттарға келген круиздік кемелерден де алып, ұйымдасқан түрде Қазақстанға жеткізді. Бұл шын мәнінде бірегей операция. Оған  мемлекеттік құрылымдар — Үкімет пен дипломатиялық өкілдіктер ғана емес, жеке бизнес те (мысалы, SCAT Airlines әуе компаниясы) қатысты.

Жалпы алғанда, бұл бір реттік мысал емес. Қазақстан азаматтары шетелде қиын жағдайға тап болған кезде біздің дипломатиялық өкілдіктер әдетте жедел түрде көмек көрсетеді.

Сондықтан Президенттің бұл мәлімдемесі Қазақстанның өз азаматтарын қорғауға жеткілікті күші мен мүмкіндігі бар екенін білдіреді. Оның үстіне Таяу Шығыстан осындай ауқымды эвакуация жүргізілгеннен кейін еліміздің халықаралық беделі арта түседі, ал қазақстандық паспорттың танымалдығы мен мәртебесі одан сайын жоғарылай береді. Менің білуімше, басқа ешбір мемлекет мұндай жедел әрі ауқымды әрекет жасаған жоқ. Кейбір елдер өз азаматтарына қауіпті аймақтардан кетуді ғана ұсынып, қонақүйлерде тұру мерзімін ұзарту жөнінде келіссөз жүргізді. Ал Қазақстан тез, батыл әрі ұйымдасқан түрде әрекет етті. Мұндай елмен де, мұндай Президентпен де шын мәнінде мақтануға болады.