02
Наурыз

02.03.2022

«Ақ жол»: Мемлекеттік қызметте істемесе де, тәжірибесі мол азаматтар әкім болуға лайықты

2 наурыз 2022 жыл, «Ақ жол» демократиялық партиясының баспасөз қызметі

ҚР Премьер министрі
Ә. Смаиловқа

«Ақ жол» демократиялық партиясы қазіргі кезде саяси жүйені өзгертпей, әлеуметтік-экономикалық реформаларды жүзеге асыру мүмкін емес деп санайды.

Осы орайда Президент Қ.Тоқаевтың кешенді саяси реформаны бастау туралы батыл ниетін қолдаймыз. Мемлекет басшысы кеше айтқандай, 16 наурызда өз жолдауында халыққа бұл реформаны таныстырады деп күтеміз.

Осы ретте Президенттің бұның алдындағы кейбір маңызды саяси реформаларының, шенеуніктер тарапынан бұрмаланып отырғанын атап өтуге мәжбүрміз.

Мысалы, 2020 жылғы Жолдауында Мемлекет басшысы ауыл әкімдерін тікелей сайлауды енгізу туралы тапсырма берді. Соған сай, өткен жылы Парламентте Сайлау туралы заң жобасы қарастырылғанда, аталған заң жобасын әзірлеушілер бұдан былай әкім болуға үміткерлердің мемлекеттік қызмет стажы - міндетті емес деп парламент мінбесінен сендірген еді (2021 жылдың 13 сәуірінде Мәжілісте өткен заң жобасын таныстырудың стенограммасы).

Оның орнына, кандидаттың жеке сектордағы тәжірибесі жеткілікті болады деген уәде берілді.

Біздің партия үшін бұл аса өзекті мәселе. «Ақ жол» демократиялық партиясының негізін шағын және орта кәсіпкерлер мен зиялы қауым өкілдері құрайтыны белгілі. Олардың көпшілігі - мемлекеттік қызметте істемесе де, жылдар бойы өз кәсібін дамытып, ауылдастарын жұмыспен қамтып, ұжымдарды басқаруды білетін адамдар.

Сондықтан, «Ақ жол» партиясы сол кезде мемлекеттік қызмет стажын жекеменшік ұйымдардағы жұмыс тәжірибесімен теңестіру туралы жаңалықты қуана қабылдаған еді.

Заң жобасын талқылау барысында, оны әзірлеушілер әкім болуға үміткерлер үшін, аталмыш норма мемлекеттік қызмет туралы заңнамаға енгізіледі деп депутаттарды сендірген.

Шенеуніктердің уәдесіне сенген партиямыз, былтырғы жылдың шілде айында өткен ауыл әкімдері сайлауына 138 үміткер ұсынған болатын.

Ал, сол жолы жергілікті сайлау комиссиялары мемлекеттік қызмет стажы болмағандықтан 81 кандидатымызды (яғни, «Ақ жол» партиясынан үміткерлердің 60 пайызын) тіркеуден өткізбеді.

Ақыры, сайлауға партиямыздан тек 57 кандидат ғана жіберілді.
Мұндай ақпараттар түскен соң, біз бірден (12.07.2021 ж.) Орталық сайлау комиссиясына жүгіндік.

Бірақ, ОСК басшылары кандидаттарды қорғаудың орнына, бюрократиямен айналысып, біздің сауалымызды Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне ысыра салды.

Ал, Агенттік 2016 жылғы өз бұйрығын алға тартып, жалтарма жауап жазып құтылды.

Демек, сайлау комиссиясы Агенттіктің 2016 жылы қабылданған бұйрығын Парламенттен де, Президент тапсырмасынан да жоғары қойды.

Алайда, дәл сол сайлауда өзге партиялардың мемлекеттік қызмет стажы жоқ кандидаттарын тіркелгені де, сайланғаны да жайлы ақпарат бар.

Яғни, мәселенің заңда біржақты реттелмегенін шенеуніктер «Ақ жол» партиясының кандидаттарына қарсы қолданды. Сонда да сол сайлауда 13 үміткеріміз жеңіске жетті.

Өткен жылдың соңында Сайлау заңындағы бұл кемшілікті түзетпек әрекетімізді шенеуніктер тағы да өткізбеді.

Әрине, мұндай олқылықтар президенттің бастамаларына кері әсер етіп, олардың өзектілігін төмендетуде.

Осыған байланысты, «Ақ жол» демпартиясының фракциясы:

1). Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүкіл ел күтіп отырған алдағы саяси реформаларын - бюрократиялық ойындармен бұрмалаудан қорғауды сұраймыз;

2). Ол үшін Президенттің реформаларын жүзеге асыру аясында, Үкімет әзірлейтін заң жобаларында, біз мысалға келтірген кемшіліктерді түзеп, басқа да маңызды бастамалар бойынша екіжақты түсініктемелерге, алдауға жол бермейтін, нақты нормаларды енгізу арқылы іске асыруды талап етеміз.

Құрметпен, «Ақ жол» фракциясының депутаттары