ҚР Премьер-Министрінің
орынбасары –
Ұлттық экономика министрі
Н.С.Байбазаровқа
Былтырғы жылдың
маусым айынан бастап «Ақ жол» фракциясы Үкімет пен барлық облыстардың
жергілікті органдарына бөлшек сауда салығы мөлшерлемесін 4-тен 2 пайызға
төмендетуді талап етіп, үш рет депутаттық сауал жолдаған болатын.
Алайда, Үкімет өңірлердің өкілеттіктерін алға тартып, бұл мәселеге араласқысы келмеді. Дегенмен, Астана мен бірқатар облыстар «Ақ жол» демпартиясының ұсынысын қолдап, осындай шешімдер қабылдады.
Жыл басынан бері басқа да бірқатар өңірлер кәсіпкерлерге бет бұрды. Бұл үрдісті үкімет пен өңір басшылығының ШОБ-ты қолдаудағы рөлінің күшейгені деп білеміз.
Өкінішке орай, тек Алматыда ғана кәсіпкерлердің осындай талаптары әлі де назардан тыс қалып отыр, сондықтан қалалық мәслихатты шағын бизнеске ізгі ниет танытуға шақырамыз.
Сонымен бірге, есеп пен тиісті есептілікке қойылатын талаптар сақталатындықтан бөлшек салық мөлшерлемесін төмендету жартылай шешім деп есептейміз.
Осыған
байланысты «Ақ жол» демпартиясы шағын кәсіпкерлікке либералды салық салудың қосымша
мүмкіндіктерін беруді ұсынады.
Дамыған елдерде
шағын және орта кәсіпорындар жылдар бойы тексерілмейді, себебі клиенттердің
ағыны мен орташа чек сомасын бақылауға болатын жердің барлығында шамамен кіріс
есептеледі.
Салық органдары
белгілі бір салонның немесе дүкеннің бір жылға қанша төлеуі керектігін ғана
белгілейді, кәсіпкер қажетті соманы төлейді - бұл бизнеске басқа ешкім
тиіспейді, қаптаған тексерулер, айыппұлдарымен мазасын алмайды.
Толық бақылау
мен қысымның болмауы - жаппай кәсіпкерліктің негізі болып табылады. Біреу
салықтан 10-20 мың теңгені жасырып қалса да, бұл ақша елде қалады. Есесіне
мемлекетке тексерушілер әскерін асыраудың қажеті болмайды.
Бұл шешімнің өзі ғана миллиардтаған қаржы жұмсалған бірде-бір жұмыспен қамту бағдарламасы жасай алмаған көптеген жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.
Бірақ мәселе
Салық кодексінде көзделген патенттік салық салуда бұл ережені мағынасыз ететін
шектеулер бар. Атап айтқанда, тауар айналымы жылына 13 миллион теңгеден аспауы,
ал кәсіпкерде жұмысшылар болмауы керек.
Ең кішкентай бизнесті - кафе, шаштараз, тұрмыстық дүкен немесе жөндеу шеберханасы болсын - әдетте, бір адам емес, отбасы басқаратынын ескерген жөн. Біреу кассада тұрса, біреу зат тасып, енді біреу өнім өндіреді.
Жылына 13 млн
теңгеден аспау керектігі туралы шектеу болған жағдайда және орташа табыстылықтың
15-20% екендігін ескерсе, патент бойынша таза табыс 200 мың теңгеден аспайды,
оның 3-4 жұмысшыға бөлуіңіз керек. Яғни, мұндай жүйеде кәсіпкердің табысы 60
мың теңгедей ғана болмақ. Елдегі орташа жалақы 380 мың теңге болғанда мұндай
ақшаға қандай кәсіпкер жұмыс істейді?
Сондықтан, патенттік жүйе жұмыс істемеуде.
Патент институты
жұмыс істеуі үшін кәсіпкерге жұмысқа қызметкер алуға рұқсат беру қажет.
Ал патент бойынша жылдық айналым кәсіпкер мен оның қызметкерлерінің орташа жалақысы негізінде есептелуі керек, яғни, 100 млн теңгеге дейін ұлғайтылуы қажет (260 000 теңге медиандық айлық х 20% табыстылық х 5 адам х 12 ай).
Жоғарыда
айтылғандарды негізге ала отырып, «Ақ жол» ҚДП депутаттық фракциясы кезекті рет
келесіні ұсынады:
1. Патент
бойынша жылдық кіріс шегін 100 млн теңгеге дейін ұлғайту.
2. Патенттік
салық режимін қолданатын кәсіпкерлерге 5 қызметкерге дейін жұмысқа қабылдауға
рұқсат ету
3. Барлық өңірлерде бөлшек сауда салығын 4-тен 2%-ға дейін төмендетіп қана қоймай, шағын бизнеске өз жұмысы үшін бөлшек сауда салығын немесе патент түріндегі салық жүйесін өз еркінше таңдау құқығын беру.
Құрметпен,
«Ақ жол» ҚДП
фракциясының депутаттары
Е.Барлыбаев
А.Перуашев
Д.Еспаева
К.Иса
А.Садыков
Е.Бейсенбаев