06
Наурыз

06.03.2024

Әуе апаттардың тергеуін тәуелсіз органға тапсыру керек

ҚР Премьер-министрі

О.Бектеновке

Өзіңізге белгілі, өткен аптада «Fly Arystan» қазақстандық әуе тасымалдаушысының ұшағы Дели қаласының әуежайында ұшу-қону жолағынан шығып кетіп, «Air India» әуе компаниясының ұшағына соқтығыса жаздаған.

Үнді ұшқыштарының қырағылығы ғана әуе апатының алдын алған.

Кейін бұқаралық ақпарат құралдарында 2023 жылдың соңында Тараз қаласының әуежайы аумағында екі қазақстандық ұшақтың әуеде соқтығысып қала жаздағаны туралы хабарланған. Сәті түсіп, адамдар бұл апатта аман қалды.

Бәрінен де жұмған ауыздарын ашпай, болған жәйтті қоғамға хабарламай отырған әуе апаттары мен қақтығыстарын зерттейтін өкілетті орган - ҚР Көлік министрлігінің ұстанымы наразылық тудырады.

Оған нақты түсінік бар да сияқты.

Мәселен қазіргі уақытта азаматтық авиацияда әуе апаттары мен қақтығыстарын тергеу бойынша мемлекеттік функцияларды атқару ҚР Көлік министрлігінің Әуе апаттарымен қақтығыстарын зерттеу басқармасына жүктелген.

Оған қоса Көлік министрлігі қарамағында азаматтық авиация саласындағы өзге де функцияларды атқаратын Азаматтық авиация комитеті мен “Қазақстанның авиациялық әкімшілігі” органдары бар.

Яғни, Көлік министрлігінің қызметінде бұл мәселеде нақты мүдде қақтығысы туындайды.

Бұл өз кезегінде әуе апаттары мен қақтығыстарын объективті түрде тергеуге кері ықпал етіп, көріп отырғандай апаттар туралы ақпаратты жасыруға да алып келуі мүмкін.

Осыған орай, «Ақ жол» фракциясы азаматтық авиациядағы әуе апаты мен қақтығыстарын тергеу бойынша мемлекеттік функцияларды Көлік министрлігінен тәуелсіз органы - Төтенше жағдай министрлігіне беру қарастыруды ұсынып отырмыз.Құрметпен,

«Ак жол» ҚДП фракциясының депутаттары

А.Садықов

А.Перуашев

Д.Еспаева

Қ.Иса

Е.Барлыбаев

Е.Бейсенбаев