30
Желтоқсан

Зейнетақы жинақтарын басқару ісінде толық айқындылық пен қоғам алдындағы есептілік қамтамасыз етілуі тиіс - Егемен Казахстан (Астана)

 
Мәжілістің жалпы отырысында депутат Азат Перуашев Премьер-Министр Кәрім Мәсімов пен Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетовтің атына Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) қызметіне байланысты сауал жолдаған болатын. Онда былай делінеді:
«Қазақстан халқына жаңа Жолдауында Мемлекет басшысы экономиканың құрылымдық орнықтылығын арттыру мен елімізге әлемдік экономикалық дағдарыстың теріс әсер етуінің алдын алу мақсатында Ұлттық қордан аса үлкен қаражат көлемін экономикаға бағыттау туралы тапсырма берді. Бұл ретте Президент Нұрсұлтан Назарбаев мұндай инвестициялардың ұзақ мерзімді сипаты мен олардың экономиканың нақты секторын дамытуға бағытталғандығын ерекше атап өтті. Осыған байланысты басқа да қолда бар қаржылық ресурстарды тиімді пайдаланудың рөлі барынша артады.
Мәселен, Парламент Мәжілісінің бір топ депутаты жуырда БЖЗҚ қаражаттарының сақталуына қатысты депутаттық сауал жолдады. Ұлттық банктің жауап дәйектері БЖЗҚ қаражаттарын екінші деңгейлік банктердің депозиттері мен облигацияларына орналастыруды ақтаумен шектелді, себебі, «әрқашан солай болған». Одан басқа, осы көзқарасты қолдайтын сарапшылар тәуекелдіктерден құтыла алмаушылыққа және болашақ зейнеткерлердің жинақтарының сақталуына ешкім кепілдік бере алмайтынына сілтеме жасай отырып, аталған шешімдердің дұрыстығын БАҚ арқылы сендіруге тырысты.
Егер сенімділік тұрғысынан ештеңе өзгермеген болса, яғни миллиардтаған қаражат енді жалғыз органның иелігінде болса, онда жеке зейнетақы қорларының бәсекелестігін жойып, БЖЗҚ құру­­дың қаншалықты қажеті бар еді? Сонымен қатар, бұл орган банк секторын реттеуші және банктерге несие беруші ретінде де қызмет етеді, ал мұның мүдделер шиеленісін тудыратыны анық. Сондықтан осы арада БЖЗҚ қаражаттары банктерге сақтауға берілген ерікті жинақтар болып табылмайтынын ескеру қажет деп санаймыз. Бұл қаражаттар міндетті түрде барлық жұмыс істейтін азаматтардан жиналады, сол үшін олардың табиғаты өзгеше сипатты.
Одан басқа, БЖЗҚ жинақтарының сомасы 20 млрд. доллардан астамды құрайды, бұл барлық банк жүйесінің көлемдерімен салыстыруға келеді. Демек, бұл жалпыұлттық мәндегі және ауқымдағы қаражаттар, сол себепті олар ерекше назар аудару мен қорғауды қажет етеді. Және ең бастысы: бұл қаражаттарды басқаруда толық айқындылық пен қоғам алдындағы есептілік қамтамасыз етілуі керек. Өкінішке қарай, нақты жағдай көрсетіп отырғанындай, Ұлттық банк БЖЗҚ қаражаттарына қатысты тиісті қорғауды да, талап етілетін айқындылықты да қамтамасыз ете алатын жағдайда емес. Сонымен бірге, БЖЗҚ жағдайы тағы да осы Ұлттық банктің құзыретіндегі Ұлттық қордың қаражаттарын басқарудан едәуір ерекшеленеді.
Бірақ, бұл жерде Мемлекет басшысы өзі тікелей басқаратын Ұлттық қордың басқару кеңесінің еңбегі байқалады. Ал БЖЗҚ жағдайында оның қаражаттарын басқару да, кеңеске басшылық жасау да Ұлттық банкте шоғырландырылған, мұның оларға пайда әкелмегені анық. Нәтижесінде қаражаттардың аса үлкен көлемі тиісті деңгейінде пайдаланылмай отыр, ал девальвация мен тиім­сіз инвестициялық саясаттың әсерімен БЖЗҚ активтері елеулі түрде құнсыздануға ұшырады. Және бұл экономика ұзақ мерзімді және қымбат емес ақшаны өткір қажет еткен кезде орын алып отыр, ал әлемдік тәжірибеде ең табысты зейнетақы қорларының қаражаттары дәл осы бағытта жұмыс істейді.
Осыған байланысты БЖЗҚ қаражаттарын экономиканы индустрияландыру мен әртараптандыру бойынша бағдарламаларды іске асыруға бағыттауды тиімдірек деп санаймыз. Осы арқылы БЖЗҚ кірістілігінің артуы үшін және нақты секторға қаражаттардың арзандауы үшін жағдайлар жасалса, заманауи және бәсекеге қабілетті өндіріске салынған жинақтар валюта мен девальвацияның құбылмалылығынан барынша қорғалатын болады. Ал БЖЗҚ-ны екінші деңгейлі банктердің облигациялары мен депозиттеріне байланыстыру осындай үдерісті тікелей қамтамасыз етуге қабілетсіз, себебі, банктер, әрине, бірінші кезекте өздерінің тез пайда табуын ойлайтыны жасырын емес.
Жоғарыда баяндалғанның негізінде, БЖЗҚ-ны басқаруды елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына жауап беретін және ел Парламентіне есеп беретін орган ретінде «Бәйтерек» ҰБҚ және басқа да даму институттары арқылы экономиканың нақты секторына ұзақ мерзімді инвес­тициялар тарту үшін Үкіметтің құзыретіне беру туралы мәселені қарауларыңызды сұраймыз».

Дерекнама - Егемен Казахстан (Астана), № 253 (28476), 27.12.2014