Президент
Қ.Тоқаевтың «Turkistan» газетіне берген сұхбатын мұқият оқып шықтым.
Қасым-Жомарт Кемелұлының жаңа жылдық стильге тән позитивті сигналдарды іскерлік
әрі кей тұста қатаң күн тәртібімен шебер үйлестіретіні қызықтырады. Әрине, бұл
кәсіби саясаткердің шеберлігі болса керек: табысқа деген ұмтылысты иллюзиямен
шатастырмау.
Ал, табыс
шынында да бар – тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет еліміздің ЖІӨ-сі 300
млрд доллардан асты, жан басына шаққандағы көрсеткіш 15 мың долларды құрады,
экономика 6%-ға өсті және т.б. Алайда прагматик ретінде Мемлекет басшысы бұған
дейін де макроэкономикалық көрсеткіштерден гөрі адамдардың өмір сүру сапасының
артуы маңызды екенін бірнеше рет атап өткен.
Сондықтан, ол
таразының ЖІӨ-ге қарсы екінші басына мемлекет күш-жігерін «жеп қоятын» әрі
азаматтардың табысын «ерітетін» инфляция деңгейін қояды. Және 2025 жылдың
неғұрлым маңызды нәтижесі ретінде басқа өзгерістерді атайды: «Қазақстан
жаңғырту жолында үлкен қадам жасады, … ауқымды реформалардың айрықша маңызын
түсіну нығайды», – дейді Президент, бұл өзгерістер мен реформалардың қайтымсыз
сипат алғанын атап өтіп.
Сондай-ақ,
Қасым-Жомарт Кемелұлының алғашқы көтерген тақырыптарының қатарында өткен жылы
ең үлкен қоғамдық резонанс тудырғандардың мәселе – салық реформасын атауы да
айрықша назар аударарлық. Оның үстіне, ол «бұл мәселе бойынша пікірталастар
әбден орынды» деп санай отырып, бағалауда салқынқандылыққа шақырды, ал
«Үкіметтің бұл міндетті қалай атқарғанын біз биыл-ақ көретін боламыз», – деп
атап өтті Президент.
Жаңа Салық
кодексі бойынша Үкіметпен белсенді түрде пікірталас жүргізген «Ақ жол» демократиялық
партиясы да ұстамдылыққа үндейтін осы ұстанымды қолдайды. Бізде, Парламент
депутаттары ретінде, дауыс беру кезінде осы құжатқа қатысты ұсыныстар енгізіп,
өз пікірімізді білдіруге мүмкіндік болды және біз оны толықтай пайдаландық.
Алайда, немістің «Realpolitik» қағидатын (прагматизм мен нақты жағдайларға
негізделген саясат) басшылыққа ала отырып, салық реформасы үшін түпкілікті
жауапкершілік Үкіметтің мойнында екенін мойындау қажет. Сондай-ақ бюджеттік
тапшылықтың бірнеше жылдан бері экономикамыздың созылмалы дертіне айналғанын,
соның салдарынан Ұлттық қор қаражаты белсенді жұмсалып, сыртқы қарыздың өсіп
отырғанын да ескеру керек.
Ашығын
айтқанда, салықтық, бюджеттік, жалпы алғанда – экономикалық реформалар
әлдеқашан пісіп-жетіліп қана қоймай, кешігіп те қалды; проблемалар ондаған жыл
бойы қордаланып, шешімін таппай келді. Қасым-Жомарт Кемелұлы мұны коммуналдық
реформаға қатысты айтқанымен, бірақ дәл осы ой оның өзгерістер локомотиві
ретіндегі бүкіл миссиясына да қатысты: бұрынғы «үкіметтер «авгий атқораларын»
тазалауға асықпады… Егер мені жеке рейтинг алаңдатқан болса, проблемалардың
шешімін келесі басшылар буынына қалдырар едім».
Одан бөлек,
«реформалар… қоғамның қарсылығына тап болатынын» және «тарих реформаторларға
қарағанда популистерге жұмсақ қарайтынын» әуелден біле тұра, Қасым-Жомарт
Тоқаев бұл реформалар үшін бүкіл жауапкершілікті өз мойнына алатынын мәлімдеді.
Айта кету керек, 2022 жылғы қаңтардың қасіретті күндерінде ол дәл осылай әрекет
еткен еді.
Соңғы жылдары
өзгерістердің қажеттілігі туралы барлығы да, барлық жерде – ас үйде де,
алаңдарда да – айтып келді. Ал Мемлекет басшысы осы алғыссыз іске кіріскен
кезде, бізге – оның отандастары, әрі жақтастарына – бұл жолдың оған оңай емес
екенін түсініп, жүктің бір бөлігін өз мойнымызға алу қажет.
Қазақстанның
күшті, өз функциялары мен міндеттемелерін сенімді түрде орындауы тиіс мемлекет
болуы керектігіне ешкімнің күмәні жоқ деп ойлаймын. Қазіргі әлемде
қатынастардың күрделеніп бара жатқанын, талаптар мен жауапкершіліктің артып,
қажеттіліктер мен шешім қабылдау жылдамдығының ұлғайып жатқанын бәріміз көріп
отырмыз. Сондықтан мемлекеттің мүмкіндіктерін, яғни бюджет кірістерін арттыру
қажеттігі баршаға айқын.
Сондықтан да,
О.Бектенов басқаратын Үкімет пен оның орынбасары С. Жұманғаринге бұрынғы үкіметтер
қашқақтаған, маңызды әрі – қажетті! – міндет жүктелді. Олардың бұл міндетті сын
мен қарсылыққа қарамастан лайықты табандылықпен орындап келе жатқанын да
мойындау керек.
Бұл – олардың
жұмысы, әрі олар оны мемлекеттік қызметшілер ретінде де, азаматтық
жауапкершілігі бар ер адамдар ретінде де атқарып отыр.
Иә, «Ақ жол»
демократиялық партиясының көзқарасы тұрғысынан алғанда, бюджет кірістерін
арттырудың неғұрлым тиімді жолы – салық жүктемесін көбейту емес, көлеңкеде
жүргендерді қоса алғанда, салықтардың 100 пайыз жиналуын қамтамасыз ету,
сондай-ақ бірқатар басқа, бәлкім, анағұрлым батыл шешімдерді қабылдау болар
еді.
Алайда Үкімет
осы форматты таңдады, Парламент оны бекітті – демек, енді алға жылжу керек.
Өйткені «ең жаман тәртіптің өзі тәртіптің мүлде болмағанынан жақсы». Ал
есеп-қателіктер шыққан кезде (олар сөзсіз шығады, біз оны мұқият бақылап
отырамыз) – оларды түзетуге ешнәрсе кедергі болмауы тиіс.
Әсіресе,
Кодексті қабылдау барысында Президент кемінде үш рет (!) оның тұжырымдамасына
принципті өзгерістер енгізгенін ескерсек, дегенмен бүгінгі сұхбатында ол
солардың тек біреуін ғана атап өтті. Атап айтқанда, ол жоспарланған ҚҚС
мөлшерлемесін 20 пайыздан 16 пайызға дейін төмендетуді, әлеуметтік маңызы бар
тауарлар үшін ҚҚС-тың төмендетілген сараланған мөлшерлемелерін енгізуді,
кәсіпкерлік қызмет түрлерінің 795 атаудан тұратын тыйым салу тізімін (ЭҚЖК)
алып тастап, тек 44-ін қалдыруды тапсырды. Тіпті Кодекс күшіне енуіне екі апта
қалғанда, «Алтын сапа» сыйлығын табыстау рәсімінде де «бизнес өтініштері
бойынша ақылға қонымды теңгерім табуды» тағы да тапсырған болатын.
Сондықтан
кәсіпкерлердің уәждері естіліп, аса байыппен қабылданып отыр деп сенемін, бірақ
Үкіметпен дәл осылай – дүрбелеңге салынбай, сабырмен сөйлесу керек. Салық
реформасында шоу емес, нақты шешімдер қажет – мәселенің түйіні осында.
Мемлекет
басшысы дәл осындай туралық әрі табандылықпен тарифтік саясаттағы, энергетика
және коммуналдық саладағы, туризм саласындағы, ауыл шаруашылығындағы реформалар
туралы да айтып, ірі бизнестің консерватизмін сынға алды.
Экономикалық
тепе-теңдік тұрғысынан алғанда, Президенттің салық жүйесі реформасын әлеуметтік
жүйе реформасымен қатар қоюы аса маңызды. Өйткені шығындарды реттемейінше,
ешқандай табыстармен барлық қажеттілікті бітеп тастау мүмкін емес.
Мемлекет шын
мәнінде мұқтаж жандарды ғана – жеке-дара, атаулы түрде, тікелей өтемақылар
арқылы қолдауы тиіс деген пікірін толықтай қолдаймын. Қоғамның қалған бөлігі
нарықтық жағдайда өмір сүреді. Бірде маған мемлекет бүкіл нан бағасын неге
ұстап отыр деп наубайшылар одағы жүгінді. Мұқтаж отбасылардың тізімін
беріңіздер – біз оларға нан мөлшерін азаннан бастар өзіміз де жеткізіп береміз.
Ал қалғандардың барлығы өнімімізді нақты бағамен сатып алуы тиіс. Ал қазіргі
жағдайда сіздер өндірілген өнімнен гөрі, астықты тасымалдауды тиімді етіп
отырсыздар. Дәл осындай әңгімелер сүт зауыттарында, құс фабрикаларында, көкөніс
жылыжайларында да айтылды. Табысқа жеткен өндіріс иелері кездесулерде
субсидиялар арқылы әкімдіктердің біліксіз бәсекелестерді қолдап, тиімді
компаниялардың өсуіне мүмкіндік бермей отырғанына шағымданды және т.б.
Барлық
тұтынушылар үшін бағаларды талғамай тежей беру арқылы мемлекет ешкімді
қолдамайды, керісінше экономиканы әлсіретеді. Президент атап өткендей, төмен
тарифтер (және төмен бағалар – А.П.) – бұл шын мәнінде субсидияға мұқтаж емес
ауқаттыларға берілетін жасырын субсидия.
Бағалар
өзіндік құннан төмен болмауы тиіс, әйтпесе өз өніміңді өсіру мен өндіру тиімсіз
болып, өзгенің тауарын әкелу оңайырақ болады. Ал бұл – жұмыс орындарының
қысқаруына, қызметкерлер табысының төмендеуіне және ақыр соңында инфляцияға
алып келеді.
Осы тұрғыда
Қасым-Жомарт Кемелұлы ауыл шаруашылығы өндірісінде кооперативтердің маңыздылығы
қайта артып келе жатқанын ерекше атап өтуі бекер емес. Айта кетерлігі,
кооперативтерді қазақ ауыл шаруашылығының ең болашағы зор формасы деп Алаш
Республикасының ұлттық көсемі Әлихан Бөкейхан да кезінде айтқан болатын.
Салық кодексін
талқылау кезінде де, бюджетті талқылау барысында да «Ақ жол» фракциясы Үкіметке
бір ғана сұрақ қойған болатын: қандай шығындарды қысқарттыңыздар? Тиімсіз
әлеуметтік шығыстарды ма, шамадан тыс мемлекеттік аппаратты ма, әлде бәсекелі
нарыққа араласып, дербес жеке кәсіпкерлерден мемлекеттік тапсырыстарды тартып
алып отырған қажетсіз квазимемлекеттік кәсіпорындарды ма? Бұл сұрақтарға жауап
болмады, бірақ Президенттің бюджет тәртібі туралы айтқан осы сұхбатынан кейін
олар пайда болуы тиіс.
Соған
қарамастан, Президент Қ.Тоқаев тек ағымдағы мәселелермен ғана шектелмей,
бірқатар бағыттар бойынша болашаққа мақсат-міндеттер қойып отыр. Оның
көзқарасындағы бұл болашақ – прогрессивті әрі технологиялық: Қасым-Жомарт
Кемелұлының цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі ұстанымын
алсақ та, атом энергетикасы немесе сирек жер металдары мәселесін алсақ та –
барлығы соның айғағы.
Ал президент жаңа басталған жылды экономиканың және ұлттың жаңа мүмкіндіктерін ашу үшін Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялағанын атап өткенде, көрші бір республиканың 2026 жылды махалла және қоғамның өркендеуі жылы деп жариялағаны туралы бүгін бір Telegram-арнада айтылған салыстыру еріксіз еске түсті (https://t.me/eurobri). Көршілерге үлкен құрметпен әрі жылы ықыласпен қараймыз, бірақ бұл салыстыру да шынында қызық.
Мемлекет басшысы Бас прокуратура комитетінің атауын өзгертуге қатысты да маңызды түсініктеме беріп, заңсыз активтерді қайтару жұмысы жалғасып жатқанын атап өтті. Еске сала кетейін, күзде осы күрестің «бәсеңдеуі» туралы әңгімелер шыққан тұста, 2025 жылғы 8 қазанда «Ақ жол» фракциясы «Заңсыз активтерді қайтару комитеттің атауымен емес, ешкім күшін жоймаған заңмен айқындалады» деген атаумен депутаттық сауал жолдаған болатын (Заңсыз активтерді қайтару комитет атауымен емес, ешкім күшін жоймаған заңмен белгіленеді). Біздің ойымызша, бұл бағыт – сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылмен қатар, қазіргі мемлекеттік органдар қызметіндегі ең негізгі басымдықтардың бірі, әсіресе Қаңтар қасіретінің жазылмай тұрған жарасы аясында (бұл мәселеге Президент те жеке тоқталды). Ал, акцентті инвесторларды қорғауға қарай ауыстыру Қазақстанның нарықтық экономика принциптері мен халықаралық құқықтарды ұстанатындығын ғана айғақтайды.
Парламенттік
партия ретіндегі «Ақ жол» үшін Қасым-Жомарт Кемелұлының конституциялық
реформаға қатысты пікірі, оның өзегінде Парламентке енгізілетін өзгерістер
тұрғаны туралы айтқандары, аса өзекті болды. Алайда бүгін Президент Қ.Тоқаев
бұдан да ауқымды күн тәртібі жөнінде, «жаңа Конституция қабылдаумен пара-пар»
мәселелер туралы айтты. Бәлкім, биылғы жылдың еліміз үшін тағдырлы болатынын
атап өткені де осыған байланысты болар. Ал Қазақстанның алдағы ұзақ жылдарға
даму бағытын айқындайтын оқиғаларға баршамыздың тікелей қатысуға мүмкіндігіміз
бар.
Жаңа
жылыңызбен, құрметті Президент мырза. Осы жолда бәрімізге сәттілік тілеймін. Ақ
жол!