Президенттің бүгін жаңа үкімет алдында сөйлеген сөзі оның өзгерісті жылдамдатып, ауқымын кеңейтуді талап етіп отырғанын айқындады. Ол үкімет пен әкімдердің реформалар қарқынын тежегенін, бұған жол беруге болмайтынын атап өтті. Бұрынғы кабинеттің отставкаға кетуіне де осы себеп болған сияқты (демек, кейбір әкімдердің де қызметтен кетуі ықтимал).
Отандық өндірісшілер мен кәсіпкерлердің өкілі, әрі нарықтық реформалар жақтаушысы ретіндегі «Ақ жол» демпартиясы үшін Қасым-Жомарт Кемелұлының либерализацияға бет түзеген бағдар туралы мәлімдемесі маңызды болып естілді. «Бұл Қазақстанды дамудың жаңа сатысына алып шыға алатын жалғыз жол» деп атап өтті президент. Қ.Тоқаев «экономиканы кешенді түрде либерализациялаудың жүйелі шарасын қабылдауды» тапсырды. - Бұл мемлекеттік экономикалық үрдістерге кеңінен араласуын айналып өтуге мүмкіндік беретін өте маңызды реформа».
Еске сала кетейік, «Ақ жол» фракциясы былтыр 19 қаңтарында экономиканы либерализациялау бағдарламасын әзірлеу туралы ұсыныс жолдаған болатын (https://akzhol.kz/kk/initiated-bills/a-zhol-demokratiial-partiias-konomikan-rtandrud-keshend-badarlamasn-zrlep-r-bankterd-kshtep-blud-snd), алайда, үкіметтің бұрыңғы жетекшілері барлығы онсыз да дұрыс деп жауап қайтарған. Көріп отырғандай, президенттің ойы өзгеше, біз оның пайымын қолдаймыз.
Жалпы, мемлекет басшысының тапсырмаларына келсек, мен мұны «жаңа модель» емес, үкіметпен қоса экономика мен мемлекеттік басқаруда бүкіл еліміз жасауы керек төңкеріс деп атар едім.
Осы орайда, біздің ойымызша, Қ. Тоқаевтың бюджеттік және салық саясатының тиімділігін арттыру туралы сөздерін ең өзекті деуге болады. Президент үшін, бизнес пен «Ақ жол» фракциясы бұл бағыттардың тығыз өзара байланысы айқын болғанымен, шенеуніктер үшін олай емес - мысалы, Бюджеттік (https://akzhol.kz/kk/blog/mzhlst-plenarl-otrsnda-biudzhet-kodeksn-zhobasn-brnsh-olm-tallau-kezndeg-a-zhol-dempartiiasn-stanm) және Салықтық кодекс бойынша (https://akzhol.kz/kk/blog/azat-peruashevt-2022-zhld-25-mamrnda-mzhlst-plenarl-otrsnda-sal-kodeksndeg-zgersterd-tallau-barsnda-sz) фракциямыздың ұстанымын қарап көріңіздер.
Қасым-Жомарт Кемелұлы сұмдық мәліметтерді келтірді: «Соңғы бес жылда бюджет тапшылығының көлемі 11 триллион теңгеден асып түсті… Қаржы министрлігі өткен жылдың табысы бойынша жоспардың орындалуын ... биылғы жылдың салықтары есебінен қамтамасыз етті. 600 миллиард теңгеге ҚҚС қайтарылуы тоқтатылған.
Яғни, бюджеттік мәселелер бизнестің айналымдағы ақшасын алумен ғана шешілген».
Бюджетті талқылау кезінде «Ақ жол» депутаттары да үнемі осыны айтады. Мәселен, 2023 жылдың 23 маусымында бюджеттің орындалуы туралы үкіметтің Есебін талқылау кезінде біз «бюджеттің артып келе жатқан мұнайлық тапшылықты» атап өткен болатынбыз. - Мұнайлық тапшылықтың көрсеткіші бекітілген 7 трлн теңгені емес, 9 трлн 342 млрд. тг құрап еді. Ал, бұзылған 8,1% тапшылық шегін оны 10,2% арттыру арқылы айналып өтті.
«Жымын білдірмей жасалған жылмағайлық» дегеніміз осы.
Атап өтейік, ұлттық экономика министрлігі Президент Қ. Тоқаевқа 2022 жылы мұнайлық тапшылық 5,1% төмендеуі керек еді деп баяндаған болатын. Бірақ, шындығында барлығы керісінше болып, 2 есеге ұлғайған.
Алайда, «Ақ жол» фракциясы мұндай айла-шарғыларға араласудан аулақ. Біз бұл құжатқа қарсы дауыс бергенімізді еске саламын (https://akzhol.kz/kk/blog/a-zhol-frakciias-kmett-esebn-ata-sna-alp-on-abldanuna-ars-daus-berd).
Президент баяндамасының бір бөлігі фискалды саясатты оңтайландыру мен тепе-теңдікті қамтамасыз ету мақсатында өзі бір жыл бұрын әзірлеуді тапсырған жаңа Салық кодексіне арналды. Бірақ, бұл маңызды құжат мүлдем басқа бағытта әзірленіп жатқаны анық: «Оны 12 пайыздан 16 пайызға дейін көтеру мәселені шешпейді... Бұрынғы Үкімет Ұлттық қордан бөлінетін трансферттің орнына салықты көтеріп, қазынаға қосымша қаржы түсіреміз деген уәжді алға тартатын. Жаңа Салық кодексін әзірлеу барысына Мемлекет басшысы ретінде менің көңілім толмайды».
Қасым-Жомарт Кемелұлының бұл сөзін толық растаймын. «Ақ жол» демпартиясының ұйымдастыруымен әрі сол кездегі Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың қатысуымен өткен Кодекс жобасын талқылау барысында бизнес те, депутаттар да әзірлеушілердің базалық тәсілдерінің өзін қатаң сынға алған болатын, оған қоса – дәл президент тапсырмасына сәйкес еместігі үшін (нақтырақ айтқанда, сараланған салық мөлшерлемелерін енгізу мен әкімшілендіруді оңтайландыру бойынша). ҚҚС мөлшерлемесін көтеруге келетін болсақ – әрине, негіздеме болса 16% ғана емес, кез келген идеяны талқылауға болады. Бірақ, мәселенің барлығы бюджеттегі тапшылықтан басқа ешбір нақты дәйектеме келтірілмеді. Сондықтан, кәсіпкерлермен олардың депутаттары да мұндай арттыруға бірауыздан қарсы шықты (мысалы: https://akzhol.kz/kk/blog/a-zhol-dempartiias-oslan-na-salnatn-salt-kteruge-ars-shp-os-msele-bojnsha-parlamenttk-tdau-tkzud-talap-ett).
Бюджеттің кірісіне келсек – «Ақ жол» фракциясы үкімет пайдаланбай отырған резервтер туралы талай мәрте айтқан еді. Оларды тарту экономиканың тепе-теңдігі ұстанымына сай болар еді, алайда, шенеуніктер айқын нәрсені көргісі келмейді (https://akzhol.kz/kk/blog/2024-26-zhldara-arnalan-biudzhet-zhobas-bojnsha-a-zhol-frakciiasn-stanm).
Күн тәртібіндегі ушығып тұрған мәселелермен қатар Қ. Тоқаевтың инвестициялық саясатқа берген маңызды (және әділ!) бағасын айта кету керек. Егер мемлекеттік органдар жылдар бойы түгесілмейтін сыртқы инвестициялардың жалпы ағынынын суреттеп жүрсе, мемлекет басшысы олардың құрамынан «таза» инвестицияларды методологиялық түрде бөліп алып, шенеуніктердің есебін әшкерелеп тастады. Оның нақтылауынша, инвестициялық салымдардың негізгі бөлігі – шын мәнінде Қазақстанның өзінің табиғи байлығын игеруден алынған табыстың қайта салынғаны ғана.
Осы орайда Инвестициялық штаб жұмысын жандандыру мен Ұлттық инфрақұрылымдық жоспар әзірлеу талабы да аталып өтті. Қажетті инфрақұрылымның жоқтығы жаңа өндірістің жобаларды жүзеге асыру үшін инвесторларды тартуды тежейтін басты фактордың бірі. «Қатаң сұрау болады» деп алдын ала ескертті президент.
Мемлекет басшысының осы және өзге де ондаған өткір ойларының ішінен «еліміздің өндірістік дамуына серпін беру» керектігі туралы айтқан сөзіне тоқталғым келеді.
Қасым-Жомарт Кемелұлы «алдағы жылдарға деген экономикалық өсімнің негізін қалайтын ауқымды әрі инновациялық» және «еліміз үшін мүлдем жаңа өндірістік секторларды ашатын» жобалар мемлекеттің басым көмегіне ие болу керектігін атап өтті. Дегенмен, қолдаудың қандай шаралары туралы айтып отырғанын нақтыламады. Бұны инвесторлардың қарсы міндеттемелері болған жағдайда жобаларды тартудағы түрлі шартты әзірлеу үшін үкіметке белгілі бір карт-бланш беріліп отыр деп топшылауға болады. Мәселе осындай тәсіл туралы болса – бұл министрлер кабинеті мен әкімдерге әлеуетті инвесторларға келіссөздерде толық еркіндік береді. Бұл қадамды күзде орын алған министрлерді президент әкімшілігі ықпалынан шығарумен қатар қарайтын болсақ, бұл бағыттағы ілгерілеуге үміт артуға да болатын секілді.
Сонымен қатар, мемлекет басшысы осы тұрғыда жаңа инвесторларды тарту міндетін ғана емес, жұмыс істеп жатқандарды ынталандыруды да ескеріп, қолданыстағы өндірістерді жаңғырту туралы мәселе екендігін атап өткені маңызды. Шынымен де, елде жұмыс істеп жатқандармен келіскен оңайырақ, алайда, олардың да үмітін ақтап, жаңа салымдарды қолдау керек, себебі, әңгіме «жұмыс істеп жатқан өндірістерді модернизациялау мақсаты» жөнінде болып отыр.
Қ.Тоқаев бұл тұрғыда «ауқымды инвестициялар мен жаңа өндірістерді құру, жоғары қосылған құны бар тауарларды шығаруды» қажет ететін металлургиялық комбинаттардан бастау керектігін нақты айтты. Нақтысын айтсақ, – «Көлік өндірісі мен өзге де салалар үшін болаттың жоғары технологиялық маркаларын шығаруды жолға қою керек».
«Ақ жол» фракциясы бұл тапсырманы қолдап ғана қоймай, оның жүзеге асуына бар күш-жігерін салып келеді. Мәселен, желтоқсан айында біз «Өндірістік саясат туралы» заң жобасына түзету енгізген болатынбыз, бұл түзету тауметаллургиялық алпауыттарды отандық өндеуші өндірістердің шығарылатын металлдарға деген қажеттілгін өтеуге міндеттейді (аккумуляторлар үшін қорғасын, кабель зауыттары үшін мыс, профильдер үшін алюминий және тб.). Тек ішкі нарықта сұранысы жоқ өнімдер ғана экспортқа шығарыла алады. Бұл норманы ілгерілету үшін екі жыл қажет болды. Өйткені оған шикізатшылар табандылықпен тосқауыл қойып отырды, бізге қолдау көрсеткен Мәжілістегі әріптестерімізге де, үкіметке де алғысымыз шексіз (материалдағы 2 т. қараңыз https://akzhol.kz/kk/blog/zhl-sonda-ortnd-zhasau-detke-ajnalan).
Бұл міндеттеме өзге компанияларға өнімдердің жаңа түрін шығаруды жеңілдетіп қана қоймай, сонымен қатар металлургия алпауыттарын пайданы жаңа процестерге қайта инвестициялауға, жаңа немесе бірлескен өндірістер ашуға итермелейді деп үміттенеміз, Қасым-Жомарт Кемелұлы Қарметкомбинатқа қатысты айтқаны секілді. Бұл орайда Қармет басқа металлургия алпауыттары үлгі алатын мысал ғана екеніне сенімдімін. Автокөлік өнеркәсібі үшін болат өндіру перспективаларына келетін болсақ, бұл форматта Карметті отандық автомобиль өнеркәсібінің көшбасшыларының бірімен жұптау қисынды болады.
Сонымен қатар, экономиканың технологиялық құрылымын жеке алыптар емес, ШОБ секторынсыз қамтамасыз ету мүмкін емес жаппай өндіріс анықтайтыны анық.
Мемлекет басшысының «индустриалды секторда күшті орта бизнесті қалыптастыруды» басым бағыттардың бірі ретінде қарастыруы кездейсоқ емес (және өте дұрыс).
Бірақ өндіріс тек шикізат пен материалдармен ғана емес, ең алдымен технология мен өткізу нарықтарымен байланысты.
Президент те бұл туралы айтып, жер қойнауын игеруде, ұлттық экономиканың құрылымын өзгертуде технологиялық жаңалықтарды енгізуі тиіс ірі мұнай-газ және тау-кен-металлургия компанияларын тікелей атады. Әңгіме техника мен жабдықтарды, оларға арналған әртүрлі бөлшектер мен бұйымдарды өндіру туралы болып отыр.
«Егер мұндай өндіріс Қазақстанда қазір жасалмаса, онда жабдықтың жалпы импорты созылмалы сипатқа ие болады», - деді мемлекет басшысы.
Бұл отандық бизнес үшін, ең алдымен машина жасау саласы үшін өзекті мәселе. Төрт жыл бұрын қазақстандық өнеркәсіпшілердің қысымымен үш ірі мұнай компаниясы (ТШО, NCOC және Қарашығанақ БВ.) Мұнай-газ машина жасауды дамытудың халықаралық орталығын құрды. Оның міндеті жергілікті зауыттарға құрылтайшылардың өзі пайдаланатын жабдықтарды, түйіндер мен бөлшектерді өндіруді игеруге, қажетті техникалық құжаттамамен қамтамасыз етуге және т.б. көмектесу болады деп күтілді. Бұл өте өзекті және қажетті бастама, оның маңыздылығын асыра бағалау мүмкін емес!
Бірақ бизнес ақпаратына сүйенсек, бұл орталық осы уақытқа дейін бірде-бір жобаны жүзеге асырмаған, қазақстандық кәсіпорындарға жаңа өнімнің бірде-бір түрін игеруге көмектеспеген, немесе оларға озық мұнай-газ жабдықтарын шығару үшін бірыңғай техникалық құжаттама бермеген. «Ақ жол» фракциясының бірқатар сауалдарына аталған орталық әлі де «өз мақсатын анықтауда» деген жауап берілген (мысалы: https://akzhol.kz/kk/initiated-bills/a-zhol-industriia-ministrlgn-mnaj-gaz-salasnda-mashina-zhasaud-damtuda-reketsz-otr-dep-ajptap-mnajgaz-nmdern-blu-tural-r-kelsmderd-ajta-araud-snd ). Сондықтан кешегі Индустрия министрі Қанат Шарлапаевтың кандидатурасын мақұлдаған кезде осы орталықтан Қазақстанға нақты қайтарымның болуы және оның әлеуетін іс жүзінде жүзеге асыру мәселесін көтердік.
Мемлекет басшысы айтқандай, осындай тәсілдерді (бірақ айқын нәтижелермен) өңдеу өнеркәсібінің басқа да перспективалы секторларында қолдану қажет.
Индустрияландыру жоспарлары туралы айта отырып, Қ.Тоқаевтың бұл үдерісте банктердің атқаратын рөлін бөлек атап өткені маңызды: «Экономиканың нақты секторын қаржыландыруға банктердің қатысуын ынталандыру қажет».
Менің ойымша, бұл нұсқауды президенттің банк жүйесін экономика мен нақты секторға деген тұтынушы (паразиттік дегім-ақ келеді, бірақ, бұл дұрыс болмас) көзқарасы үшін қатаң сынға алған қыркүйектегі Жолдауы тұрғысынан қарастырған жөн. Республиканың индустриялық негізін құруға ЕДБ және олардың капиталының тікелей қатысу форматы туралы шешім қабылдайтын уақыт келді.
Менің ойымша, осы және басқа да президенттік бастамаларды үкіметке берілген тапсырма ретінде ғана емес, тұтастай қарастыру керек. Түптеп келгенде, бізден басқа ешкім жақсылығын жасамайтын өз еліміздің тағдыры мен болашағы туралы айтып отырмыз. Біз дамыған, экономикалық қуатты және табысты мемлекет боламыз ба, әлде индустриясыздандыру мен орта ғасырға қарай сырғый береміз бе?
«Ақ жол» демпартиясы үшін бұл сұрақтың жауабы анық. Бұл біздің ортақ ісіміз. Түбегейлі өзгерістер қажет.