І. Жалпы ережелер.

1. «Ақ жол» Қазақстанның Демократиялық партиясы» қоғамдық бірлестігі (бұдан әрі – Партия) Қазақстан Республикасы Конституциясына, Қазақстан Республикасы Азаматтық Кодексіне, Қазақстан Республикасының «Қоғамдық ұйымдар туралы» және «Саяси партиялар туралы» Заңдарына, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерімен осы Жарғыға сәйкес құрылған және өз қызметін жүзеге асыратын саяси Партия болып табылады. 

2. Партия мемлекеттік биліктің, жергілікті өзін-өзі басқарудың өкілетті және атқарушы органдарына азаматтардың, әр түрлі әлеуметтік топтардың мүдделерін ұсыну және оларды қалыптастыруға қатысу мақсатындағы саяси ерік-жігерін білдіретін, Қазақстан Республикасы азаматтарының ерікті бірлестігі болып табылады. 

3. Партия өз қызметін мына қағидалар негізінде жүзеге асырады: 

- еріктілік; 

- оның мүшелерінің тең құқықтығы; 

- есеп беру; 

- жариялылық пен заңдылық; 

- өзін-өзі басқару; 

- бірлік; 

- қабылданатын шешімдердің алқалылық келісімділігі; 

- партиялық тәртіп және Партияның жоғары басқару органдарының шешімдерін орындау міндеттілігі; 

- Партия органдарының сайланбалылығы, олардың Партия мүшелері мен Партияның жоғары органдары алдында есеп беріп отыруы; 

- біртұтас идеологиялық, ұйымдастырушылық және қаржылық саясат. 

4. Партияның толық атауы: мемлекеттік тілде – «Ақ жол» Қазақстанның Демократиялық партиясы» қоғамдық бірлестігі. 

орыс тілінде – Общественное объединение «Демократическая Партия Казахстана «Ақ жол». 

Партияның қысқартылған атауы: мемлекеттік тілде – «Ақ жол» ҚДП. 

орыс тілінде – ДПК «Ақ жол». 

5. Партия шексіз мерзім бойы жұмыс жасау үшін құрылған. 

6. Партия оқшауланған мүлкі, өзіндік балансы бар, өз атынан мүліктік және жеке мүліктік емес құқықтарға ие, міндеттемелеріне жауап беретін, сотта талапкер және жауапкер бола алатын заңды тұлға болып табылады. 

7. Қазақстан Республикасы заңнамаларына сәйкес, оның жеке қаржылары мен мүліктері есебінен өндіріп алу жөнінде шешім қабылданған жағдайда, партия өз міндеттемелері бойынша өзіндік қаржыларымен және мүліктерімен жауап бере алады. Партия мүшелері Партияның міндеттемелері бойынша өздеріне жауапкершілік жүктемейді. Партия өз мүшелерінің міндеттемелері бойынша жауапты болмайды. 

8. Партияның өз қызметін жүзеге асыру үшін өз атауы көрсетілген мөрі мен мөртабаны, жеке фирмалық бланктері, отандық банктер мен мекемелерде банктік операциялар жүргізетін есептік және басқа да есепшоттары болады. Партия өзінің атрибутикасын төсбелгілер, медалдар, вымпелдер, жалаулар және т.б.) белгілеуге және шығаруға құқылы. Партияның өз символикасы бар (Қосымша № 1). 

9. Партияның Орталық аппаратының мекен-жайы: Қазақстан Республикасы, пошталық индекс 010000, Астана қаласы, Есіл ауданы, Мәңгілік ел даңғылы, №30.