VІІІ. Партияның Орталық Органдары

34. Партияның Жоғары органы Партия съезі болып табылады.

34.1. Съезд кемінде төрт жылда бір рет және қажет болған жағдайда Партияның Саяси кеңесінің шешімі бойынша немесе Партия филиалдарының (өкілдіктерінің) кемінде жартысының талабы бойынша шақырылады. Партия қызметіне қатысты шұғыл мәселелер бойынша кезектен тыс Съезд ұйымдастырылған жағдайда, Партияның Саяси кеңесі Президиумының шешімімен Партия Съезін шақыруға рұқсат беріледі.

34.2. Партия съезінің шешімі Партия съезіне партияның барлық облыстық, республикалық маңызы бар қалалардағы және Астанадағы филиалдарының өкілдері қатысқан кезде көпшілік дауыспен қабылданады.

34.3. Партия Съезі делегаттарының өкілдік нормасы мен оларды сайлау тәртібін Партияның Саяси кеңесі және (немесе) Партияның Саяси кеңесінің Президиумы белгілейді.

Егер объективті себептерге байланысты Партияның қандай да бір филиалында (өкілдігінде) Партия Съезіне делегаттарды сайлау жөніндегі конференцияның (жалпы жиналыстың) отырысы өткізілмесе, онда Партия Съезі өз шешімімен оның отырысына қатысып отырған тиісті өңірлердің өкілдерін Съезд делегаттары ретінде бекітуге құқылы, алайда, олардың саны облыстардың жалпы санының 1/4 аспауға тиіс.

Ерекше жағдайларда Партия Съезінің отырыстары бейнеконференция режимінде өткізілуі мүмкін. Мұндай жағдайларда қатысушыларды идентификациялау, олардың өкілеттіктерін  және дауыс беру нәтижелерін растау Партияның Саяси кеңесі белгілейтін тәртіппен цифрлық технологияларды пайдалану арқылы жүзеге асырылады.

34.4. Партияны ерікті түрде қайта құру және тарату туралы партия съезінің шешімі партияның барлық филиалдарының (өкілдіктерінің) өкілдері қатысқан жағдайда съезд делегаттарының 2/3-нің дауысымен қабылданады.

34.5. Дауыс беру түрі Съездің тиісті мәжілісінде анықталады.

34.6. Партия Съезінің шешімдері түпкілікті және Партияның барлық мүшелері мен органдарының орындауы үшін міндетті болып саналады. Мәселелер Партия ішіндегі пікірсайыс аясынан шығып кетіп, ҚР заңнамаларына қайшы келіп жатса, оған Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес шағым беруге болады.

34.7. Партия Съезі Партия қызметінің барлық мәселелерін шешуге құқылы.

34.8. Партия Съезінің айрықша құзыретіне мыналар жатады:

- Партияның Жарғысы мен Бағдарламасын қабылдау және оларға толықтырулар мен өзгерістер енгізу;

- Партияның Саяси кеңесін, Партия Төрағасын және Партияның Бақылау-тексеру комиссиясын сайлау, сондай-ақ, олардың есептерін тыңдау және бекіту;

- Қазақстан Республикасы Президенттігіне, Құрылтай депутаттығына кандидаттарды ұсыну, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясына тіркеу үшін ұсынылатын Құрылтай депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімін бекіту;

- Партияның басқа заңды тұлғаларды, сондай-ақ Партияның филиалдарын (өкілдіктерін) құруы немесе олардың қызметіне қатысуы жөнінде заңнамалық актілерде белгіленген шеңберде шешім қабылдау;

- Партияны ерікті түрде қайта құру мен тарату туралы шешімді қабылдау;

- Партияның құрылымдық бөлімшелерінің (филиалдарының, өкілдіктерінің) қызметін, оның ішінде мерзімінен бұрын тоқтату туралы, сондай-ақ, басқа заңды тұлғалардың құрамындағы партияның қызметін тоқтату туралы шешім қабылдау;

- Партия бюджетін бекіту;

- Қазақстан Республикасының заңнамаларына сай, Партияның басқа да маңызды мәселелерін шешу.

34.9. Съезд кейбір өкілеттіктерін Съездің арнайы шешімін қабылдау жолымен Партияның Саяси кеңесіне, Саяси кеңес Президиуміне немесе Партия Төрағасына беруге құқылы.

35. Партияның басшылық органы Партияның Саяси кеңесі болып табылады.

35.1. Партияның Саяси кеңесі Партия Съезімен сайланады. Партияның Саяси кеңесінің өкілеттік мерзімі – төрт жыл.

Партияның Саяси кеңесінің шешуші дауыс құқығы бар құрамына лауазымы бойынша автоматты түрде Партия Төрағасы, оның орынбасарлары, Құрылтайдағы Партия фракциясының жетекшісі, Партияның Бақылау-тексеру комиссиясының төрағасы, Партияның хатшылары, Партияның өңірлік филиалдарының төрағалары және Партия Аппаратының басшысы кіреді.

Шешуші дауыс құқығы бар Саяси кеңес мүшелерінің санынан аз мөлшерде кеңесші дауыс құқығы бар қосымша Саяси кеңес мүшелерін сайлауға жол беріледі.

Қажет болған жағдайда Партия Съезі Партияның Саяси кеңесінің дербес құрамын мерзімінен бұрын қайта сайлауға құқылы.

35.2. Партия Съезі отырыстары арасындағы кезеңде Партияның Саяси кеңесі Партия Төрағасының ұсынысы бойынша құрамнан шыққан мүшелердің орнына мүшелердің 1/4 дейін дербес кооптациялауға құқылы.

35.3. Партияның Саяси кеңесі Партияның Саяси кеңесі Президиумы, Партия Төрағасының шешімі бойынша, не Партияның Саяси кеңесі мүшелерінің кемінде 1/3 талабы бойынша қажетіне қарай, бірақ жылына кемінде бір рет шақырылады.

35.4. Партияның Саяси кеңесінің отырысы оның мүшелерінің жалпы санының жартысынан астамы қатысқан жағдайда заңды болып табылады. Шешімдер көпшілік дауыс арқылы қабылданады.

Дауыс беру нысаны тікелей Партияның Саяси кеңесінің отырысында айқындалады. Бұл ретте Партияның Саяси кеңесінің сырттай отырыстарын өткізу үшін сауалнама жүргізу арқылы дауыс беру нысанын қолдануға жол беріледі.

35.5. Партия Саяси кеңесінің құзыретіне мыналар жатады:

- Партия Съезін шақыру, Партия Съезіне делегаттардың өкілдік нормасын және оларды сайлау тәртібін айқындау;

- Партия Съезі шешімдерінің іске асырылуына мониторинг жүргізу, партия органдарының жұмысын жақсарту жөнінде ұсыныстар енгізу, Партия Съездерін шақыру;

- Партияның филиалының (өкілдігінің) құрылымдық бөлімшелерінің қызметін, оның ішінде мерзімінен бұрын тоқтату туралы Партия Съезіне ұсыныстар енгізу;

- Партия филиалдарының (өкілдіктерінің) конференциялары (жалпы жиналыстары) ұсынатын мәслихаттар депутаттығына, сайланатын әкімдер және мемлекеттік билік органдары мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарындағы өзге де сайланбалы лауазымдарға кандидаттарды мақұлдау;

- Партияның Саяси кеңесі Президиумының, Партия Төрағасы орынбасарларының, Партия филиалдары (өкілдіктері) төрағаларының есептерін тыңдау;

- Партияның төменгі органдарының даулы шешімдерін қарау және олар бойынша шешімдер қабылдау;

- Партия Съезі мен Партияның Орталық бақылау-тексеру комиссиясының құзыретіне жатпайтын Партия қызметінің өзге де мәселелерін қарау және шешу;

- Партия Съезі берген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру.

35.6. Партияның Саяси кеңесі өзінің құзыретіне жататын жекелеген өкілеттіктерді Партияның Саяси кеңесінің тиісті шешім қабылдауы арқылы Партияның Саяси кеңесі Президиумына беруге құқылы.

36. Партияның Саяси кеңесі отырыстары арасындағы кезеңде оның өкілеттіктері Партияның Саяси кеңесі Президиумына жүктеледі.

36.1. Партияның Саяси кеңесі Президиумы Партия Төрағасының бастамасы бойынша немесе Президиум мүшелерінің кемінде 1/3 бастамасы бойынша қажетіне қарай, бірақ үш айда кемінде бір рет шақырылады.

36.2. Партияның Саяси кеңесі Президиумының өкілеттік мерзімі – төрт жыл. Партияның Саяси кеңесі Президиумының құрамына лауазымы бойынша автоматты түрде Партия Төрағасы, оның орынбасарлары, Құрылтайдағы Партия фракциясының жетекшісі, Партияның Бақылау-тексеру комиссиясының төрағасы, Партияның хатшылары, Партия Аппаратының жетекшісі және Астана қалалық партия филиалының басшысы кіреді.

Партия төрағасының ұсынымы бойынша Президиум құрамына Президиумге қызметі бойынша кіретін мүшелерінің санынан аспайтын көлемде Партия Саяси кеңесінің өзге де мүшелері сайлана алады.

36.3. Партия Съезі отырыстары арасындағы кезеңде Партияның Саяси кеңесі Президиумы құрамнан шыққан мүшелердің орнына мүшелердің 1/4 дейін дербес кооптациялауға құқылы.

36.4. Партияның Саяси кеңесі Президиумының отырыстары Президиум мүшелерінің жалпы санының жартысынан астамы қатысқан жағдайда заңды болып табылады. Шешімдер көпшілік дауыс арқылы қабылданады. Дауыс беру нысаны тікелей Партияның Саяси кеңесі Президиумының отырысында айқындалады. Бұл ретте Партияның Саяси кеңесі Президиумының сырттай отырыстарын өткізу үшін сауалнама жүргізу арқылы дауыс беру нысанын қолдануға жол беріледі.

36.5. Партия Саяси кеңесі Президиумының құзыретіне мыналар жатады:

- Партияның кезектен тыс Съезін шақыру, Партияның кезектен тыс Съезіне делегаттардың өкілдік нормасын және оларды сайлау тәртібін айқындау;

- Партия Съезі мен Партияның Саяси кеңесі шешімдерінің іске асырылуына мониторинг жүргізу;

- Партия органдарының жұмысын жақсарту, Съездерді және Партияның Саяси кеңесінің отырыстарын шақыру мәселелері бойынша Партияның Саяси кеңесіне ұсыныстар енгізу;

- Қазақстан Республикасы Құрылтайына сайлау кезінде Партияның партиялық тізіміне енгізілген кандидаттар арасында депутаттық мандаттарды бөлу;

- Партия Төрағасының орынбасарларын сайлау;

- Партия филиалдары (өкілдіктері) туралы Ережені, Партияның бастапқы ұйымдары туралы Ережені, Партия мүшелерінің дерекқорын қалыптастыру, жүргізу, мүшелікті растайтын құжаттардың нысаны мен оларды беру тәртібі туралы Ережені, Партияның консультативтік-кеңесші органдары туралы Ережелерді, сондай-ақ Партия фракциялары туралы ережелерді бекіту;

- Партия филиалының (өкілдігінің) конференцияларының (жалпы жиналыстарының) осы филиалдың (өкілдіктің) төрағасын сайлау туралы шешімдерін бекіту;

- Партия филиалдары (өкілдіктері) төрағаларының, сондай-ақ Партияның баспа органдары редакторларының есептері мен ұсыныстарын тыңдау;

- Партия мүшелігіне қабылдау және шығару туралы өтініштерді қарау және олар бойынша шешімдер қабылдау;

- Партия мүшелерінің партия органдарының даулы шешімдеріне қатысты шағымдарын қарау;

- Партия баспа органдарының редакторларын бекіту және олардың есептерін тыңдау;

- Партияның Бағдарламасы мен Жарғысына қайшы келетін Партия органдары шешімдерінің (Партия Съезінің, Саяси кеңестің және Партия Төрағасының шешімдерін қоспағанда) күшін оларды Партияның Саяси кеңесі қарағанға дейін тоқтату;

- Партияның Саяси кеңесі берген өкілеттіктер;

- Партия Съезінің, Партияның Саяси кеңесінің, Партия Төрағасының және Партияның Орталық бақылау-тексеру комиссиясының құзыретіне жатпайтын Партия қызметінің өзге де мәселелерін қарау және шешу.

36.6 Партияның Саяси кеңесі Президиумы өзінің құзыретіне жататын жекелеген өкілеттіктерді Партия Төрағасына Партияның Саяси кеңесі Президиумының тиісті шешімін қабылдау арқылы беруге құқылы.

37. Партияның Орталық атқарушы органы Партия Төрағасы болып табылады.

37.1. Партия Төрағасы Партия Съезімен төрт жыл мерзімге сайланады. Қажет болған жағдайда, Партия Саяси кеңесінің бастамасы бойынша (импичмент) Партия Төрағасын мерзімінен бұрын сайлауға жол беріледі.

37.2. Партияның Төрағасы өз іс-әрекеттері мен шешімдерінде Партия Съезіне бағынады және есеп береді. Партияның, оның қатардағы мүшелерінің өзекті мақсаттары мен мүдделерін, Қазақстан Республикасының заңнамасын және осы Жарғыны басшылыққа алады.

37.3. Партия Төрағасы Партияның ағымдағы басшылығын тұрақты негізде жүзеге асырады.

Партия Төрағасы:

-      Партияның орталық, өңірлік және жергілікті органдарының жұмысын ұйымдастырады, олардың бірыңғай ұйымдық құрылым ретінде үйлесімді қызметі мен өзара іс-қимылын қамтамасыз етеді;

-      Партия Съезінің, Партияның Саяси кеңесінің және Партияның Саяси кеңесі Президиумының қаулыларына, хаттамаларына, сондай-ақ өз құзыреті шегінде Партия атынан өзге де құжаттарға қол қояды;

-      Мемлекеттік билік органдарында, барлық өзге де органдар мен ұйымдарда, сондай-ақ халықаралық қатынастарда Партияның атынан өкілдік етеді;

-      Лауазымы бойынша Партияның Саяси кеңесі мен Партияның Саяси кеңесі Президиумының мүшесі болып табылады, Партияның Саяси кеңесі мен Партияның Саяси кеңесі Президиумының жұмысына басшылық етеді, олардың отырыстарын шақырады және төрағалық етеді;

-      Қаралатын мәселелер бойынша шешімдер мен құжаттардың жобаларын Партия Съезінің, Партияның Саяси кеңесінің және Партияның Саяси кеңесі Президиумының қарауына енгізеді;

-      Партия Төрағасы орынбасарларының кандидатураларын Партияның Саяси кеңесі Президиумының қарауына енгізеді және олардың міндеттерін бөледі;

-      Партия филиалдарының (өкілдіктерінің) басшыларын сайлауды бекітеді, оларға бас сенімхаттарға қол қояды және есептерін тыңдайды;

-      Партияның баспа органдары редакторларының кандидатураларын Партияның Саяси кеңесі Президиумының бекітуіне енгізеді;

-      Партия қызметін тиісті қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз етуді ұйымдастыруға, Партияның штаттағы қызметкерлерінің еңбек құқықтарының сақталуына дербес жауапты болады;

-      Материалдық жауапты тұлға болып табылады, мүлікті басқаруды, ұйымдастыруды және оның тиісінше пайдаланылуын бақылауды жүзеге асырады;

-      Партияның ағымдағы қызметін қамтамасыз ету үшін Орталық аппаратты және Партия филиалдарының (өкілдіктерінің) аппараттарын құрады, ҚР еңбек заңнамасына, осы Жарғыға және филиалдар (өкілдіктер) туралы Ережелерге сәйкес олардың штаттағы қызметкерлерін қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;

-      Партия мүшелері мен органдарынан партия жұмысының тиімділігін арттыру жөніндегі ұсыныстарды қарайды;

-      Партия жұмысының тиімділігін арттыру жөніндегі ұсыныстарды Партия Съезінің, Партияның Саяси кеңесінің және Партияның Саяси кеңесі Президиумының қарауына енгізеді;

-      Қазақстан Республикасының заңнамасына және осы Жарғыға қайшы келмейтін өзге де функцияларды жүзеге асырады.

Партия Төрағасы өз құзыретіне жататын жекелеген өкілеттіктерді Партия Төрағасының тиісті шешімін шығару арқылы Партия Төрағасының орынбасарларына немесе Партияның Орталық аппаратына беруге құқылы.

37.4. Партия Төрағасының орынбасарлары: 

- Партия Төрағасы орынбасарларының арасындағы міндеттерін бөлісу бойынша анықталған функцияларды атқарады; 

- Партия Төрағасымен келісім бойынша Партияны мемлекеттік билік органдарында, басқа да органдар мен ұжымдарда, сондай-ақ халықаралық қатынастарда өкілдік ете алады; - Қазақстан Республикасы заңнамаларына және осы Жарғыға қарама-қайшы келмейтін Партия Төрағасы берген өкілеттік аясындағы басқа да функцияларды атқарады.

38. Партияның Бақылау-тексеру комиссиясы Партиялық қаржылық бақылаудың бірыңғай органы болып табылады.

38.1. Партияның Бақылау-тексеру комиссиясы осы комиссияның төрағасын сайлаумен бірге Партия Съезімен төрт жыл мерзімге сайланады. Қажет болған жағдайда, Партияның Саяси кеңесінің, Саяси кеңесі Президиумының немесе Партия Төрағасының бастамасы бойынша Бақылау-тексеру комиссиясы мен оның төрағасын мерзімінен бұрын сайлауға жол беріледі.

38.2. Партияның Бақылау-тексеру комиссиясы Съездер аралығында мерзімде шығып кеткендердің орнына мүшелерінің 1/4-не кооптация жасауға құқылы;

38.3. Партияның Бақылау-тексеру комиссиясының отырысы қажеттілікке қарай, бірақ жылына кем дегенде бір рет шақырылады;

38.4. Партияның Бақылау-тексеру комиссиясының отырысы Комиссия мүшелерінің жартысынан астамы қатысқанда өкілетті. 

38.5. Партияның Бақылау-тексеру комиссиясының құзыретіне Партияның басшылық органдарының, Партия филиалдарының (өкілдіктерінің), Партия Аппаратының және оның баспа органдарының қаржылық және шаруашылық қызметіне бақылау жүргізу жатады.

38.6. Партияның Орталық бақылау-тексеру комиссиясы өз қызметінде Қазақстан Республикасының заңнамасын, Партия Жарғысын, сондай-ақ бақылау-тексеру туралы Ережені басшылыққа алады.

38.7. Партияның Бақылау-тексеру комиссиясы Партияның Съезіне есеп береді.

38.8. Партияның Бақылау-тексеру комиссиясы қажет болған жағдайда өз жұмысына тәуелсіз сарапшыларды тарта алады.