«Ақ жол» отандық қорғаныс кәсіпорындарына қолдау көрсету бойынша шаралар қабылдауды сұрайды

» Депутаттық сауалдар » «Ақ жол» отандық қорғаныс кәсіпорындарына қолдау көрсету бойынша шаралар қабылдауды сұрайды

03.03.2021, 13:57

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық

даму министріне

«Ақ жол» депутаттарының атына республиканың Қорғаныс-өнеркәсіп кешені кәсіпорындарының қауымдастығы жүгінді. Отандық өндірушілер мемлекеттік қорғаныс тапсырысын қалыптастыру, орналастыру және орындау ережелеріне және осы өнімдерге баға белгілеу ережелеріне, сондай-ақ оларға ұсынылған түзетулерге өте наразы.

Олардың пікірінше, бұл талаптар отандық өндірушілерге қарсы бағытталған және керісінше, қорғаныс өнімдерін импорттаушыларды қолдайды.

Біріншіден, Ережелермен белгіленген «Мемлекеттік қорғаныс тапсырысын орындау кезеңі» өндірісі ұзақ технологиялық циклді талап ететін өнімдерге келісім жасауға мүмкіндік бермейді.

Осылайша, мемлекет жаңа технологиялық шешімдерді әзірлеуді және енгізуді, өндірістік циклі келісімшартты орындау мерзімі бар күрделі өнімді игеруді қолдаудан бас тартады. Сонымен қатар, салада технологиялық міндеттердің мысалдары бар, оларды шешу үшін 5 және 10 жыл қажет.

Екіншіден, мемлекеттік қорғаныс тапсырысын Отандық жеткізушілер тізіліміне енгізу үшін Индустриялық сертификат қажет. Бұл талап техниканың жаңа түрлерін игеруге кедергі келтіреді, өйткені сертификат тек бұрын өндірілген, сериялық өнімдерге беріледі. Кәсіпорындар сертификат алу үшін жаңа қымбат әскери техниканың алғашқы үлгісін жасай алмайды. Бұдан басқа, Тізілімге толықтырулар енгізу жылына екі реттен артық болмауы тиіс.

Ережелерде экономикалық немесе саяси ахуал өзгергенде туындайтын күтпеген жағдайлар (санкциялар, эмбарго және т.б.) жағдайында шарттардың мерзімдерін өзгерту рәсімдері көзделмеген. Мысалы, мемлекеттік қорғаныс тапсырысын бекіту туралы Үкімет қаулысының уақтылы шықпауы не уәкілетті органның орындаушыны таңдауды кешіктіруі автоматты түрде шарттарға қол қоюды кейінге қалдыруға әкеп соғады. Бірақ бұл тіпті оларды орындау мерзімдерін ұзартуды қарастырмайды, ол ұзарту мүмкіндігінсіз 31 желтоқсанмен шектеледі.

Іс жүзінде тапсырысты орындауға заңнамада көзделген 10-11 айдың орнына өндірістің күрделілігі мен еңбек сыйымдылығын ескермей 6-7 ай мерзім беріледі. Бюджеттеу кезінде мәлімделген өндірістік циклдердің және экспорттық-импорттық және басқа да рұқсат беру рәсімдеріне байланысты жиынтықтауыштарды жеткізу мерзімдері ескерілмейді.

Үшіншіден, Қорғаныс өнімдеріне баға белгілеу ережелері «мемлекеттік қорғаныс тапсырысын орындау кезеңіне» дейін жұмсалған шығындарды, соның ішінде жабдықтар мен материалдарды алдын-ала сатып алуға, өндірістік қуаттылықтарды жөндеу мен қызмет көрсетуге, кадрларды оқыту мен қайта даярлауға, тіпті жалақы қоры аясында қызметкерлерге демалыс төлемдерін төлеуге мүмкіндік бермейді. Кәсіпорындар осы шығындарды өздері қаржыландыруы керек. Егер олардың жалғыз кіріс бабы мемлекеттік қорғаныс тапсырысы болса, қандай көздерден қаржы алатыны белгісіз.

Ерекше мәселе – келісімшарттар бойынша рентабельділікті реттеу. Тапсырыс беруші белгілеген немесе жоспарланған пайда асып кеткен жағдайда «артығы» алып қойылады. Осылайша, Қауымдастықтың мәліметтері бойынша, қазіргі уақытта зауыттардан «артық пайда» деп аталатын 600 млн. теңгені өндіріп алу процесі жүріп жатыр, бұл қазіргі жағдайда оларды күйреу шегіне жеткізуі мүмкін.

Бұл тәсіл өндірушілердің наразылығын тудырады. Әсіресе аталған шаралардың ешқайсысы шетелдік қорғаныс өнімдерін жеткізушілерге қатысты емес, шенеуніктердің ешқайсысы олардың бухгалтериясын тексермейді және шығындар мен кірістерді реттеуге тырыспайды.

Сонымен қатар, соңғы жылдардағы алыс және жақын көршілердегі оқиғалар қазіргі жағдайда технологиялық қару-жарақтың және оның үздіксіз өндірісінің болуы қаншалықты маңызды екенін көрсетті, бұл кезде салыстырмалы түрде арзан заманауи зақымдау құралдары қымбат техниканың барлық бөлімшелерін металл сынықтарына айналдыра алады.

«Ақ жол» партиясының Бағдарламасында қарулы күштерді жаңғыртуға, олардың республиканың ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және аумақтық тұтастығын қорғау мақсатында күрестің технологиялық, гибридтік нысандарына дайындығына ерекше назар аударылғаны кездейсоқ емес.

Жоғарыда баяндалғанды ескере отырып, «Ақ жол» фракциясы отандық қорғаныс кәсіпорындарына қолдау көрсету, олардың конструкторлық және өндірістік әлеуетін дамыту жөнінде шаралар қабылдауды сұрайды.

Құрметпен,

«Ақ жол» фракциясының депутаттары